Біз мектепке барамыз

Әне-міне дегенше жазғы үш ай каникул да өте шықты. 1 қыркүйек күні еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылады. Алайда, әлеуметтік желілерде оқу жылына қатысты бірқатар алып-қашпа әңгімелер де айтылуда. Осының мән-жайын анықтау үшін бір облыстық білім басқармасына қоңырау шалған едік.

Алғашқы қоңырау соғылады

– Білім күніне арналған салтанатты іс-шара еліміздің барлық өңірінде дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте өтеді. Бірақ, бұл күні мектепке тек 1 сыныпқа баратын балалар мен 11 сынып оқушылары ғана жиналады. Олар үшін «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында салтанатты шара өтеді.
Ал, 2-10 сынып оқушылары үшін алғашқы қоңырау салтанаты 29 тамыз күні өтеді. Олар — «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында Бірыңғай сынып сағатына қатысады, – дейді Ұлытау облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маратбек Төребеков.

1 сыныпта – 4100 оқушы

– Биыл облыс бойынша 4300 бала 1 сыныпқа келеді деп жоспарланған. Қазір құжатын тапсырып, мектепке әзір отырғаны 4100 бала. Бірінші сыныпқа құжаттар қабылдау 31 тамызға дейін жалғасады.
Жалпы, биыл облыс мектептерінде 41705 бала білім алмақ. Оларды қарсы алуға 86 мемлекеттік мектеп пен бір жекеменшік мектеп сақадай сай тұр. Тек бір мектепте, Қызылжар ауылындағы білім ошағында күрделі жөндеу жүріп жатыр. Ол, қыркүйек айында қатарға қосылады.

Оқу дәстүрлі түрде өтеді

– Әлеуметтік желіде «оқушылар вирусқа байланысты қашықтан оқуға көшеді екен» деген әңгіме де қызу талқыланып жатыр. Бұл негізсіз айтылуда. Рас, қыркүйектен бастап елімізде папилломавирусқа қарсы вакцинация басталады. 11 жастағы қыздарды иммундау жоспарлануда. Мұның сыртында, 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация басталады. Соған қарамастан мектептерде оқу дәстүрлі түрде оқытылады.

1 қыркүйек – 25 мамыр

– Оқу жылының басталу және аяқталу күндері еш өзгеріссіз қалды. Мұның сыртында, демалыс күндері де арнайы құжат бойынша бекітілді. Осы құжатқа сәйкес, оқу жылы әдеттегідей 2024 жылғы 1 қыркүйекте басталып, 2025 жылғы 25 мамырда аяқталады.
1-тоқсанның ұзақтығы 8 оқу аптасы, күзгі демалыс – күнтізбелік 7 күн (2024 жылғы 28 қазаннан бастап 3 қарашаны қоса алғанда); 2-тоқсан – 8 оқу аптасы, қысқы демалыс – күнтізбелік 10 күн (2024 жылғы 30 желтоқсаннан бастап 2025 жылғы 8 қаңтарды қоса алғанда); 3-тоқсан – 10 оқу аптасы, көктемгі демалыс – күнтізбелік 11 күн (2025 жылғы 21-31 наурызды қоса алғанда); 1-сыныптарда қосымша демалыс – күнтізбелік 7 күн (2025 жылғы 10-16 ақпанды қоса алғанда). 4-тоқсан – 8 оқу аптасы.

Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ