Бірлік пен тұрақтылықтың қазақстандық үлгісі

Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) – еліміздегі этносаралық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтудың бірегей қоғамдық институты. 1995 жылғы 1 наурызда Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Ассамблея 30 жыл бойы татулық пен тұрақтылықтың мызғымас діңгегіне айналды. Оның құрылуы – көпұлтты Қазақстан қоғамында өзара құрмет пен сенімнің берік негізін қалау жолындағы маңызды қадам болды.

ҚХА – кеңесші-кеңестік орган. Оның құрамында еліміздің барлық өңірлерінен келген этномәдени бірлестіктердің өкілдері, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам қайраткерлері бар. Мақсаты – этносаралық келісімді сақтау, әр этнос өкілінің мәдениеті мен тілін дамытуға жағдай жасау, мемлекеттік тілді және қазақстандық бірегейлікті нығайту. Ассамблея үлгісі әлемдік тәжірибеде сирек кездеседі және халықаралық ұйымдар тарапынан оң бағаланып келеді.

Ұлытау облысында ҚХА жұмысы өңірлік деңгейде белсенді дамып отыр. Бүгінде облыста ресми тіркелген 8 этномәдени бірлестік, 10 этникалық бастамашыл топ жұмыс істейді. «Аналар кеңесі», «Ақсақалдар кеңесі», «Әйелдер комиссиясы» және «Журналистер клубы» сияқты құрылымдар тұрақты түрде қоғамдағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосуда.

Қаражал қаласында Ассамблеяның рөлі ерекше сезіледі. Мұнда түрлі этностардың өкілдері бір шаңырақ астында тату өмір сүріп келеді. Жыл сайын қалада этномәдени бірлестіктердің концерттері, көрмелері, тағам фестивальдері және спорттық жарыстар өтеді. Мәселен, биыл «Ана – тәрбиенің қайнар көзі» атты облыстық форум Қаражалда ұйымдастырылып, онда аналардың жас ұрпаққа ұлттық және рухани құндылықтарды сіңірудегі рөлі кеңінен талқыланды.

Сондай-ақ, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Бірлік жүгірісі-2025» марафонына қаражалдық спортшылар мен белсенді жастар белсене қатысты. Бұл шара түрлі ұлттар арасындағы достық пен салауатты өмір салтын насихаттады. Қала мектептерінде «Салауатты сана» жобасы аясында 500-ден астам оқушы қамтылған тәрбие сағаттары өткізіліп, толеранттылық пен патриотизм құндылықтары дәріптелді.

ҚХА-ның 30 жылдық мерейтойы – Қаражал қаласының да мерейлі белесі. Себебі, қаладағы тұрақтылық, татулық пен өзара түсіністік – Ассамблеяның ұстанған саясатының нақты жемісі. Түрлі этностардың мәдениеті мен тілі дамып, жастар арасында достық пен азаматтық бірегейлік нығая түсуде.

Бірлігі жарасқан Қаражал – Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлы мақсаттарының өңірлік айқын көрінісі. Оны сақтау – баршамыздың ортақ парызымыз.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ