Білімнің қайнар бұлағы

Қай кезеңде болсын кітаптың рөлі әрқашан алдыңғы қатарда екені белгілі. Мемлекет Басшысы ұдайы халықтың, әсіресе, өскелең ұрпақтың кітап оқуына ерекше көңіл бөлуде. Президент ең алдымен жастарды кітап оқуға баулу керектігін, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу, сондықтан, кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыру керектігін айта келе, кітаптың маңызының зор екенін атап өтті.

23 сәуір – Дүниежүзілік кітап жә­не авторлық құқық күніне орай жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін кітап мерекесі Қазақстанның барлық аймақтарында өтеді. Осыған орай, «Қаражал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне арналған жыл сайынғы «КІТАП шоу-2024» фестивалін атап өтті.
Фестивальдің мақсаты – «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру, кітап пен оқуға деген қызығушылығын қолдау, балалар мен жасөспірімдердің оқу сауаттылығын көтеру және кітап оқу мәдениетін дамыту, сондай-ақ, түркі халықтарының тарихи және әдеби мұрасын насихаттау.
Бағдарламада мынандай шаралар қамтылды: «Жаңа кітаптар» көрмесі, сурет көрмесі, буккросинг, шеберлік сағаты, викториналық сұрақтар, түрлі зияткерлік ойындар және авторлық кездесу өтті. «КІТАП шоу-2024» фестивалі мәдени-рухани тәлімі мол шараға айналып келеді. Соның аясында кітапқұмарлар саны артып, білімді ұрпақ қалыптасады.
Осы мерекеге орай, кіші буын жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулу, халқына, тілге, Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатында өлкелік ақынымыз, жазушы Жарқынбай Жетімекұлымен кездесу өтті. Кездесу барысында жазушы өзінің «Ей, өмір» атты жаңа кітапбын оқырмандарымызға таныстырды.
Кітап күніне белсене қатысқан өнерпаздарға, кітапхананың атынан алғыс хаттар табысталды.
Оқу белсенділігін арттыру, кітап оқуды қолдау, көркем әдебиетке деген қызығушылықты ояту, жеке тұлғаның ақпараттық сауаттылығын және оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында өткен осындай керемет фестиваль жылдан жылға жалғасын табады деген сенімдеміз.
Аталмыш шара өзгелерге де үлгі болып кеңінен насихатталса нұр үстіне нұр болары анық.

Тлеухор БАЙШУКЕНОВА,
кітапхана директоры.