Білімді жастар – ел болашағы

Бүгінгі дәуірде еліміздің атағын аспандатып, құндылығын қорғау үшін біз қолдана алатын тек бір ғана қару бар. Ол – сапалы білім. Адам өз-өзін әрдайым дамытып отыруы тиіс. Өйткені, заман күннен күнге қарыштап жылжып барады. Егер сіз бір орында тұрып қалсаңыз дәуір талабынан кейіндеп қалғаныңыз. Кейіннен көштің басын қуып жету қиынға айналып, соңғы қатарда шаң қауып қала бересіз. Ал бұл дүние адами құлдырауға әкеліп соғады. Сондықтан, білім ал, қаныңда бар қасиетіңді көрсет! Білім қаруыңды күн сайын «оқта»! Дәл осы ұранды алға тартқан білімді оқушылардың өткен аптада «Білімді жастар – ел болашағы» атты дарынды балалардың қалалық слеті өтті.

Бұл дегеніміз, «Білімді жас­тар – ел болашағы» атты дарынды оқушылардың облыстық іс-шараларда белсенділік танытып, жүлделі орындарға ие болған оқушыларды марапаттау рәсімі. Яғни, аймағымыздың мектептерінің даң­қын асырып, биік жетістіктерге жеткізер мақтаныштары – облыстық олимпиада, спорт, білім байқаулары, өнер сайыстары мен интеллектуалдық сайыстардың жеңімпаздарын марапаттайды.
Кештің шымылдығын Бекзат Сагинтаеваның жетекшілігі­мен «Мұрагер-2024» ІІ облыстық шығармашылық байқауының «Аспапта ойнау» жанры бойынша Бас жүлде иегерлері атанған, №30 жалпы білім беретін мектебінің «Бегім-ай» жетігеншілер тобы ашып берді.
Ең алдымен қаламыздың білім бөлімінің басшысы Тілеш Бейсенбайұлы Аштаев сахна төріне көтеріліп, барша ұстаздар мен оқушыларға жүрекжарды ақжарма тілегін айтып, ыстық ықыласын білдірді. Сонымен қатар, барлық жеңімпаздарды жетекшілерімен бірге марапаттауға кірісті. Сондай-ақ, өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне, қазақстандық патриотизмді нығайтуға және балалар мен жасөспірімдерге арналған халықаралық, республикалық, облыстық байқауларға өз шәкірттерін қатыстырып, шығармашыл ұрпақ тәрбиелеп, Қаражал қаласының білім саласын жетілдіруге қосқан еңбегі мен қол жеткізген кәсіби жетістіктері үшін «Балбөбек» және «Балдырған» бөбекжайларының ұжымы, №1, 3, 7, 5, 6, 10, 11, 30 ЖББМ және «Балалар Өнер мектебі» ұжымдары марапатталды.
Бүгінгі бала, ертеңгі – Қазақс­танның болашағы. Сондықтан, біліммен қаруланып, еліміз қажет ететін азамат болып, өз жеріне кірпіш болып қалануға дайын тұруы қажет. Сонымен қатар, дәл осы дарынды да өнерлі ұрпақ Отанымызға адал қызмет ететініне кәміл сенеміз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ