Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің төрағалығымен кезекті аппараттық жиын өтті. Кеңесте оқу жылының аяқталуы, білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ, шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері қаралды.
Облыс әкімі өз сөзінде мектеп бітіру кештерін ерекше бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. – Қауіпсіздік – басты басымдық. Сондықтан, мектеп қабырғасынан тыс өтетін шараларға ата-аналар, мұғалімдер және полиция департаменті бірлесе қатысуы тиіс, – деді өңір басшысы. Сонымен қатар, ұлттық бірыңғай тестілеуді жоғары деңгейде ұйымдастыру міндеті қойылды.
Жиында білім беру нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде қаражаттың тиімді жұмсалуына баса мән беру тапсырылды. Әкім нысандардың қуаттылығы мен шығын арасындағы тепе-теңдікке назар аудару қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, мектепке дейінгі білім беру саласына жеке инвесторларды тарту жұмыстарын жалғастыру міндеті жүктелді.
Кеңес барысында облыс әкімі шағын және орта бизнеспен қатар, шағын өндірістерді дамытуға басымдық берілетінін айтты. Бұл бағытта нақты іс-шаралар жоспары ұсынылуы тиіс.
Сонымен қатар, Дастан Адайұлы көп жылдан бері бос тұрған, бұрынғы тігін фабрикасының ғимаратына шұғыл түрде техникалық зерттеу жүргізіп, жөндеу жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Ғимаратты ретке келтіріп, «Ұлытау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы кәсіпкерлерге өндірістік орын ретінде ұсыну жоспарланып отыр.