Білікті мамандар тарту – өңір дамуының кепілі

Ұлытау облысы бүгінде еңбек ресурстарын тиімді пайдалану және кадр тапшылығын жою бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан жұмыс күші ұтқырлығын арттыру бағдарламасы аясында өңір өкілдері өзге облыстарға барып, түсіндіру және ақпараттық кездесулер өткізіп жүр.

Бағдарламаның басты мақсаты – өңірдің экономикасы мен әлеуметтік саласына қажетті білікті кадрларды тарту, маман тапшылығын азайту және еңбек нарығын жандандыру. Осы мақсатта Ұлытау облысынан арнайы жұмыс тобы құрылып, еліміздің бірқатар аймақтарында жәрмеңкелер, таныстыру кездесулері және ақпараттық түсіндіру шаралары ұйымдастырылуда.

Кездесулер барысында Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті, инвестициялық мүмкіндіктері мен халыққа көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы кеңінен баяндалды. Әсіресе, өңірге көшіп келетін мамандарға тұрақты жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, балабақша мен мектепке орналастыру, сондай-ақ көшуге арналған субсидиялар мен жеңілдіктер жөнінде нақты ақпарат ұсынылды.

Бүгінде өңірде мұғалім, дәрігер, инженер, құрылысшы, агроном, жол саласы маманы сияқты кәсіп иелеріне айрықша сұраныс бар. Ұлытау облысы – табиғи ресурстарға бай, өнеркәсіптік әлеуеті жоғары, көлік-логистикалық тұрғыдан қолайлы өңір. Сондықтан, мұнда кәсіби мамандарға тұрақты жұмыс қана емес, өсіп-өркендеуге мол мүмкіндік бар

Бағдарлама аясында облысқа жаңа өндірістер мен инфрақұрылым жобалары тартылып, тұрғындарды тұрақты табыс көздерімен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Облыс әкімдігі мен жұмыспен қамту басқармасы мамандардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалануға, олардың жаңа ортаға бейімделуіне барынша қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.

Ұлытау өңірі – ел орталығындағы еңбек пен өндірістің тоғысқан аймағы. Өңірге жаңа мамандардың келуі – экономикалық өсім мен әлеуметтік тұрақтылықтың кепілі.

Ізбасар ОЙБАС.