Осы бір нәзік жанды арудың жайраңдаған жарқын мінезіне таңданып та, тамсанып та қарауға болады. Бұл жерде өмірдің бар байлығы мен бақыты табанының астында жатыр деп те айтуға келмейді. Бәрі маңдай тер, еңбекпен келген. Айнұр Сейтмұратова – «Жәйрем КБК» АҚ полиметалл байыту фабрикасының көпірлі кран машинисі, үш баланың анасы және мұңаюды білмейтін жан. «Басқаша қалай болуы мүмкін?» — дейді ол күлімсіреп.
Биылғы жылы Айнұр кәсіби шеберлік байқауына қатысып, «Кран машинисі» номинациясы бойынша үздік деп танылды. Бір айта кетерлігі, шеберлігі жағынан ол тәжірибелі әріптестерінен, соның ішінде практикалық тапсырмалар орындалған кранның иесінен де озып кетті.
– Әр кранның өзіндік ерекшеліктері бар, тіпті, модельдерінің өзі бірдей болғанымен, әрбіреуінің тілін табу қажет, басқа қырынан қарау керексің, – деп бөлісті Айнұр Сейтмұратова. – Бір қарағанда, дәл сол көпірлі кран – бірақ олай емес, жұмыс схемасы, жылдамдығы әртүрлі болады. Әр машинаның мінезі әрқалай. Мұны да ескеру керек. Мен, әрине, бұлай болады деп күткен жоқпын, өйткені, практиканы өзімнің емес, басқа біреудің жабдығында тапсырып, жеңіп шықтым, тіпті, кранның иесін басып оздым. Бұл мен үшін – мақтаныш.
Мектептен кейін жігері жалындаған жас қыз колледжге оқуға түсіп, «Іс жүргізуші» мамандығын алып шығады. Бірақ, қағазбастылық, «қағаздармен жұмыс» оған арналмағанын тез түсінеді. Өндіріс шынымен қызықтырды. Айнұр кран машинисі мамандығына оқуға әкесінің кеңес беруімен барды. Ол жүк көтеру механизмдерін қадағалау инженері еді. Отбасы Жезқазғанда, одан кейін Балқашта тұрды. Курсты аяқтағаннан кейін Айнұр 2004 жылдан бастап еңбек етті. Жәйрем кентіне 2013 жылы қоныс аударды. Дегенмен, мамандығы бойынша бірден жұмыс таба алмады. Бір жыл бойы қолмен кен бөлшектеуде жұмыс істеді, содан кейін конвейер машинисіне оқыды. Осында, Жәйремде болашақ жарын жолықтырды. Балалары дүниеге келді, бірақ, отбасылық өмірі ұзаққа бармады. Бүгінде Айнұр үш баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. Алдымен баспана жалдады, кейіннен комбинат жатақханадан бөлме берді.
– Үлкен ұлым – 16 жаста, ортаншысы 8-де және қызым 6 жаста, – дейді Айнұр. – Ұлым Балқашта колледжде оқиды. Ол – менің мақтанышым, бюджетке оқуға түсті. Екінші ұлым 2-сыныпта және кіші қызым биыл 1-сыныпқа барды. Менің барым да, нарым да – балаларым. Жаратушыға ана болу бақыты бұйырғанына алғыс айтып, шүкіршілік етемін.
Жәйремде жаңа полиметалл байыту фабрикасы іске қосылған кезде, кран машинисі ретінде жұмыс істеуге мүмкіндік туды.
– Маған кранға ауысу туралы ұсыныс жасалды, қуана келістім, — деп әңгімелейді Айнұр. – Көпшілігі бұл жұмысқа білек сыбана кірісуге қорықты, өйткені, тәжірибе аз, бар болғаны үш айлық курстан өткен. Әрине, техника жаңа, барлық жерде контролерлер, бәрі ыңғайлы етіп жасалған. Ал шын мәнінде жұмыс өте жауапты және көп күш жұмсауды қажет етеді. Әрдайым назарың тек жұмыста болып, ойың шашырамау керек. 6 қабатты үйдің деңгейінде, 30 метрдей биіктікте жұмыс істейміз. Бір жағынан бұл өте қауіпті.
Айнұр крандардың барлық түрлерін игерген: көпірлі, мосылық, бірарқалықты, грейферлі. Қажет болған жағдайда байыту фабрикасының әртүрлі бөлімшелеріндегі әріптестерін алмастырады.
– Мен «Казцинк» жүйесінде еңбек ететініме бақыттымын, — деп атап өтті Айнұр Сейтмұратова. – Жұмыс кестесі ыңғайлы – ауысым бойынша, балаларыма көбірек уақыт бөлемін. Жұмыс берушіден де, кәсіподақтан да материалдық көмек көрсетіледі. Заманға сай жаңа жабдықтар. Маған ыстық та, суық та әсер етпейді, кранның кабинасы жақсылап қымталған, кондиционері бар. Ұжымымыз өте жақсы, тату, жанымда жанашыр адамдар жиналған. Сегіз жыл бірге, бір жанұяның адамдары сияқтымыз. Менің мастерім Оралбай Айболат та жақсы адам. Әрдайым жағдайымды түсініп, қолдау көрсетеді, өтінішімді жерде қалдырып көрген емес.
Жалпы бізде ер азаматтар ұжымы – матаушылар, жөндеушілер, мердігерлер. Маған ер адамдармен жұмыс істеу жеңіл. Қолыңнан келмей жатса, әрдайым қолдап, демеп жібереді. Өз жұмысымды жақсы көремін.
– Айнұр – өз ісінің шебері, — дейді ПБФ бас корпусының ауысым мастері Оралбай Айболат. – Биіктік ханшайымы деуге болады. Толықтай сенім артуға болатын адам. Артылған жауапкершілік үдесінен шыға біледі. Ерлер ұжымында оның пікіріне құлақ асады. Өзінің де жұмысын тап-тұйнақтай етіп орындап, жанындағы әріптестерінің де жұмысын ұйымдастырып жатады. Бұл еңбегі бағалауға тұрарлық.
Кейіпкеріміз барлық бос уақытын балаларына арнайды. Өйткені, олар – өмірінің жалғасы. Балаларының күлкісі мен қуанышын көру бір бақыт. Әрине, өз пәтері болғанын армандайды. Дегенмен, тағдырына өкпелі емес.
– Мен барыма ризамын, — дейді ол. – Мен үшін балаларымның жақсы адам болып ержеткені, анамның ауырмай аман жүргені, жақындарымның жанымнан табылғаны маңызды. Әрине, бұдан былай да жұмыс істеп, балаларымды, алдағы өмірімізді қамтамасыз ету үшін компаниямыздың өсіп-өркендеуін тілеймін.
Жүректе өмірге деген құштарлық пен сүйіспеншілік бүр жарғанда өмір де басқаша мәнге ие болады. Алға ұмтылдырып, күш-жігер беретін де осы сезім. Басқаша болуы мүмкін емес!
Алена ЕРМОЛАЕВА.
Фотоларды А.Сейтмұратова ұсынды.