Биік мінберден сөйлеген сөз

Ағымдағы аптада Қаражал өңірі ерекше маңызды қонақ қабылдады – Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңірге іссапармен келді. Сол күні Жәйрем кентінде өткен жиын аймақтың экономикалық дамуына, цифрлық жаңашылдықтарға және инвестиция тарту бағыттарына арналған нақты жоспарларды талқылаудың алаңына айналды.
Жиынға қала әкімі Айқын Елеусізов төрағалық жасап, Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдаған Жолдауын өңірлік деңгейде жүзеге асыру мәселелерін қарастырды. Одан бөлек, жиынға Ұлытау облысы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Жайлаубаев, өңір әкімдіктерінің өкілдері, ақсақалдар, сондай-ақ, аймақ тұрғындары қатысты.
Басқосуда Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов сөз сөйлеп, Жәйрем кентінің әле уметтік, инфрақұрылымдық, мәдени және экономикалық салалардағы атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауына сәйкес, еліміздің дамуының басты басымдықтары айқындалды. Экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, ауыл шаруашылығын көтеру, көлік-логистика жүйесін жетілдіру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау және цифрлық экономиканы дамыту – осы бағыттар елдің экономикалық өсімін қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, адам капиталына, білім мен мәдениетке, ғылым мен инновацияға ерекше көңіл бөлінуде.
Жәйрем кенті 2018 жылдан бері 4-деңгейлі бюджетке өткеннен кейін қарқынды дамып келеді: бюджет 4,4 есе ұлғайып, әлеуметтік сала мен тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарды. Қазіргі уақытта кентте 9 151 адам тұрады, оның ішінде 5 100 адам экономикалық белсенді, 1 047 зейнеткер және 240 мүгедек бар.
Кенттің тұрғын үй қоры 1 005 үйді құрайды, сумен қамтамасыз ету Тұзкөл жерасты суынан, жылумен 10 автономды қазандық арқылы жүзеге асырылады. Электрмен қамтамасыз ету тұрақты, желілер ұзындығы – 117 шақырым
Кенттің экономикалық өмірінде «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ және «Марганец Жайрема» АҚ ірі кәсіпорындар болып табылады. 2023 жылдан бастап екінші кезекті кәріз жүйесі салынып жатыр, газдандыру жұмысы 2027 жылы аяқталады. Өрт сөндіру бекеті осы жылы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 2026 жылы екі жаңа спорт кешені ашылуы жоспарлануда.
Жәйрем кенті қазіргі таңда даму бағытында тұрақты өсім көрсетіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға маңызды қадамдар жасалып жатқандығын жеткізді кент әкімі.
Келесі болып сөз алған «Қазыналы өңір» газетінің редакциясы» ЖШС директоры Жалғасқан Құрмансейітов аймақ тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған бағдарламалар, жүргізіліп жатқан жұмыстар мен алға қойылған мақсаттар туралы мәлімет берді. — Қаражал-Жәйрем өңірі индустриялық, инфрақұрылымдық және әлеуметтік дамуда жаңа белестерге жетіп келеді. Жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және заманауи бастамаларды іске асыру бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында еліміздің цифрлық трансформациясы, жасанды интеллектті енгізу, білім мен адам капиталын дамыту, денсаулық сақтау мен әлеуметтік сала, инфрақұрылым мен экология, құқықтық қамтамасыз ету және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері басты назарға алынды.
Өңірде цифрландыру мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға, ақпараттық жүйелерді біріктіруге мүмкіндік береді.
Бұл тұрғындардың өтініштері жылдам қаралып, қызмет сапасы артатынын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, өндіріс пен құрылыс саласында жасанды интеллект пен заманауи технологияларды енгізу өнімділікті арттырып, еңбек қауіпсіздігін күшейтеді. Білім мен адам капиталын дамыту – өңірдің басты бағыттарының бірі.
Мектептер жаңа техникалық құралдармен жабдықталып, мұғалімдердің цифрлық сауаттылығы арттырылады, қашықтан оқу және виртуалды білім беру алаңдары арқылы ауылдағы оқушылар да сапалы білім алады. Инфрақұрылым мен экология саласында су жүйелері мен инженерлік желілер мониторингтен өтіп, коммуналдық қызметтер сенсорлық технологиялар арқылы басқарылады.
Бұл тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтереді. Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздік пен деректерді қорғау да басты назарда.
Қаражал-Жәйрем өңірі Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген басым бағыттарды іске асыра отырып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға, ашық және сенімді үкімет құруға өз үлесін қосуда, – деді ол өз сөзінде.
Кездесудің негізгі тақырыбы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, ауыл шаруашылығын жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу, инвестиция тарту және азаматтарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыру болды. Кездесу барысында кенттің ақсақалдар алқасының мүшелері Ысмайыл Елеусізов, Айткен Искаков Президент кеңесшісіне сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Жиын соңында сөз алған Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы өңірдің даму әлеуетіне тоқталып, бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Ол цифрлық экономиканы дамыту, жасанды интеллект және технологиялық инновацияларды өндіріс пен білім салаларына енгізу арқылы өңірдің дамуына тың серпін беруге болатынын атап өтті.
— Президенттің Жолдауы – мемлекетіміздің стратегиялық дамуының негізгі бағытын айқындайтын маңызды саяси құжат. Онда елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне, әділетті қоғам қалыптастыруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған нақты міндеттер мен тапсырмалар белгіленген.
Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ халқы әр кезеңде ел бірлігі мен әділдікті ту еткен дала заңдарына сүйеніп өмір сүрген. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» – сол замандардағы мемлекеттіліктің, құқықтық жүйенің және ел басқарудың озық үлгілері еді. Бұл заңдар ел ішінде тәртіп орнатып, әділдіктің орнауына жол ашқан.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының Жолдауы – сол тарихи дәстүрдің заманауи жалғасы. Ол еліміздің жаңа даму кезеңіндегі басты бағыттарды айқындап, халықтың игілігіне бағытталған реформалардың нақты жоспарын ұсынады.
Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру – әрбір мемлекеттік органның, әрбір өңір мен ауданның тікелей жауапкершілігі.
Осы тұрғыдан алғанда, Қаражал өңірінде атқарылып жатқан жұмыстар – Президент Жолдауында көрсетілген басым бағыттардың тиімді орындалып жатқанын айғақтайды. Өңірде экономиканы әртараптандыру, жаңа өндірістер ашу, жол және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту бағытында ауқымды шаралар жүзеге асуда.
Бұл бастамалар – ел дамуының стратегиялық мақсаттарына қызмет ететін нақты істер.
Қаражалдықтардың табанды еңбегі мен белсенді ұстанымы нәтижесінде Жолдаудағы міндеттер нақты жүзеге асып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті нығайып келеді, — деді Президент кеңесшісі.
Аймақ әкімі Айқын Елеусізов Мемлекет басшысының жүктеген міндеттерін абыроймен орындау – баршамыздың ортақ борышымыз екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, өңірдегі барлық салалардағы нақты қадамдар мен жоспарланған бастамалар халықтың әл-ауқатын арттыруға, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашуға және қала мен кенттің дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Бұл жиын тек ресми кездесу ғана емес, сонымен қатар, өңірдің даму стратегиясын нақтылау, азаматтардың пікірін тыңдау, жаңа идеяларды талқылау алаңына айналды. Қаражал-Жәйрем өңірінің болашағына қатысты маңызды мәселелер көтеріліп, әр қатысушы өзінің үлесін қосуға шақырылды. Жиын соңында өңір тұрғындары мен басшылар арасында ынтымақтастық пен өзара түсіністік сезімі күшейіп, келешекке деген сенім мен үміт арта түсті.
Мұндай басқосу өңірдің әлеуметтік дамуына тың серпін беріп қана қоймай, елдің жалпы дамуы мен халықтың әл-ауқаты жолында нақты қадамдар жасауға жол ашатыны анық байқалды. Жиын қатысушылары Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген міндеттерді адал орындауға, өңірді цифрлық дәуірге лайықтап дамытуға өз үлестерін қосуға толық дайын екендіктерін білдірді.