Береке мен татулық мерекесі

Наурыз – қазақ халқының ең қасиетті мерекелерінің бірі. Бұл күн табиғаттың жаңаруын, көктемнің келуін білдіріп, адамдарға бір-біріне ізгі тілек айту, бауырмалдық пен достықты көрсету дәстүрін еске салады. Наурыз – тек мереке ғана емес, отбасылық құндылықтарды, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін рухани шара. Көктемгі күн мен түннің теңелуімен үндескен бұл мейрам жаңа өмірдің басталуын, үміт пен қуаныштың жаңаруын бейнелейді. Сол себепті, Наурыз – береке, татулық және қуаныш күні ретінде түркі тілдес елдерде ерекше аталып өтіледі.

Қаражал қаласында Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылып жатқан Наурызнама онкүндігі аясындағы іс-шаралар ерекше мазмұнмен, ұлттық нақышпен өтіп жатыр. Соның бірі – Шаңырақ күніне орай өткен тағылымы мол, әсерге толы мәдени шара болды.

Аталған күні Қаражал қаласының «Балалар өнер мектебі» жас өнерпаздарымен концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Көрермендер балалардың ән мен билерін тамашалап, ұлттық рухты сезінуге мүмкіндік алды. Өнерлі өрендердің сахнадағы шеберлігі мен ұстаздарының еңбегі көрермендердің жүрегін жылытып, мерекенің көңіл-күйін көтерді. Әр қойылым ұлттық дәстүр мен заманауи өнердің үйлесімін көрсетіп, көрермендерді тәнті етті.

Концерттен кейін орталық алаңда дәстүрлі «Bauyrsak party» ұйымдастырылды. Қонақтар дәмді бауырсақтың дәмін татып, бір-біріне ақжарма тілектерін айтты. Бұл мерекелік шара қала тұрғындарын біріктіріп, Наурыздың рухын толық сезінуге мүмкіндік берді. Дастарқан басында әр кім көңіл-күйін көтеріп, мерекенің шынайы атмосферасын бөлісті.

Жалпы, Наурызнама онкүндігі аясында болып жатқан бұл шаралар – жас ұрпаққа ұлттық дәстүрді дәріптеудің, бауырмалдық пен қонақжайлықты бойына сіңірудің тамаша мүмкіндігі болды. Наурыз – тек жаңа жылдың бастауы ғана емес, адамдардың бір-біріне деген ізгі ниеті мен бірлігінің символы. Бұл мереке арқылы әр отбасы мен әр қала тұрғыны жыл бойы татулық пен берекені, сүйіспеншілік пен қуанышты бірге сезінуді үйренеді. Сонымен қатар, Наурыз – табиғаттың жаңаруын тойлап, үміт пен өмірге деген махаббатты жаңартатын ерекше күн. Наурыз халықты біріктіретін, рухани байытатын және жүректі жылыта түсетін дәстүр екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ