Береке — бірліктің алтын ұясы — Оспановтар әулеті  

Ұлытау облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Ел бірлігін бекемдеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен бұл байқау – үлгілі, өнегелі, көпбалалы және қоғамдық өмірге белсене атсалысып жүрген отбасыларды насихаттаудың жарқын алаңы.

Салтанатты шарада «Үлгілі отбасы» номинациясы бойынша Қаражал қаласының тұрғындары — Оспановтар әулеті жеңімпаз атанды. Құрмет марапатын оларға Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты Әлия Аяпбергенова салтанатты түрде табыстады. «Мерейлі отбасы» байқауы бірнеше кезеңнен тұрды. Әрбір кезеңде қатысушылар отбасының береке-бірлігі мен үлгісін, жас ұрпаққа берген тәрбиесін, қоғамға қосқан үлесін паш етті. Биылғы жылы облыс көлемінде 31 отбасы бақ сынап, олардың арасынан ең лайықтылары іріктелді. Отбасы – береке мен бірліктің, мейірім мен махаббаттың қайнар көзі. Оның іргесінің мызғымас болуы – ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен ауызбіршіліктің арқасы. Қуанышты да, қиын сәттерді де бірге өткеріп, шаңырақ шаттығын сақтап келе жатқан сондай өнегелі жанұялардың бірі – Қаражал қаласының тұрғындары, Оспановтар әулеті. Бұл әулеттің негізін қалаған – асқар тау әке, еңбектің ері Ұзақбай Оспанов (2020 жылы дүниеден озған) және ақ жаулықты, мейірімі мен парасаты мол Назима Оспанова. Олар отау құрғанда небәрі 16-20 жастағы жас бозбала мен бойжеткен еді. Жастық шағынан бірге еңбекке араласып, өмірдің ыстық-суығына төтеп берді, бір-біріне тірек, ұрпағына үлгі болды. Өмір жолында алтын құрсақты анамыз 16 құрсақ көтеріп, азаматымен бірге 13 ұл-қыз тәрбиеледі. Бүгінде 38 немере мен 41 шөберенің қызығына бөленіп отыр. Бұл отбасы – тамыры тереңге жайылған алып бәйтеректей, үлкен әулеттің мақтанышы. Назима апамыздың өмір жолы – нағыз еңбек пен төзімнің үлгісі. Мектепті тәмамдаған соң Ақтау совхозында қой шаруашылығында еңбек жолын бастап, қойшының көмекшісі, сауыншы болып тер төкті. Жұмыс десе, уақытпен санаспай, барын салып істейтін. Тапсырылған істі тиянақты орындап, әрдайым жауапкершілігімен көзге түсті. Еңбегі еленіп, ол КСРО дәуірінде «Батыр Ана» алтын медалімен, ал Тәуелсіз Қазақстан жылдарында «Алтын алқа» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ бірнеше медаль мен Құрмет грамоталарына ие болды. Отанасы әрдайым: — Отбасының берік болуы – ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен шыдамдылықта. Қаңқу сөзге ермей, бір-біріне деген сенімді жоғалтпау – шаңырақтың шаттығын арттыра түседі, — деп отырады. Бір кезеңде екі келінді бір шаңырақ астында тату-тәтті ұстап, отбасы ынтымағын сақтағаны – соның айғағы. Бала тәрбиесінде де ол әрқашан қатаң ұстанымда: — Тәрбие – тәртіптен басталады. Баланың білім алғанын қатты қадағалаймын. Шүкір, ұлымыз – ұяға, қызымыз – қияға қонды. Қазір тек жетістіктерімен қуантады, – дейді мейірімге толы жүрек иесі. Оспановтар әулеті – бірлігі мен еңбегі жарасқан, көпке үлгі отбасылардың бірі. Олардың өмір жолы – жас ұрпаққа өнеге, ал берекелі шаңырақтары – ынтымақ пен сыйластықтың символы. Әулеттің шежіресі Гүлсім Ұзақбайқызынан бастау алады (08.12.1960-17.10.2019). Ол бар ғұмырын отбасының ынтымағы мен туған топырағының игілігіне арнады. Ізгі ісі мен адал еңбегінің жалғасын бауырлары мен сіңлілері жалғастырып келеді. Әулеттің ақылшысы, ардақты ұстаз Күлпәш Ұзақбайқызы – 1961 жылдың 19 мамырында Жаңаарқа ауданы, Ақтау ауылында дүниеге келген. 40 жылдан астам уақыт тарих пәнінен білім беріп, талай шәкірттің жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаз. Бүгінде зейнет демалысында, 3 баланың анасы, 2 немеренің ардақты әжесі. Гүлбану Ұзақбайқызы – 1970 жылы 23 ақпанда туған. Қарағанды қаласында тұрып, Мақажанов атындағы ауруханада медбике болып еңбек етеді. Жанұясының тірегі, абыройлы жан. Гүлзат Ұзақбайқызы – 1974 жылдың 21 шілдесінде дүниеге келген. Қаражал қалалық ауруханасында қызмет атқарады. 4 баланың анасы, 2 немеренің әжесі. Гүлсара Ұзақбайқызы – 1977 жылдың 2 мамырында туған. Жеке қожалықпен айналысады, 4 бала тәрбиелеп, 6 немеренің әжесі атанған. Саягүл Ұзақбайқызы – 1987 жылдың 29 мамырында дүниеге келген. Ақтау орта мектебінде ұстаздық етіп, жас буынға білім мен тәрбие беріп келеді. 4 баланың ардақты анасы. Әулеттің ер азаматтары да туған жердің өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Құрақбай Ұзақбайұлы (05.01.1964-29.03.2018) – ел жадында елеулі істерімен қалған азамат. Мұратбай Ұзақбайұлы – 1966 жылдың 25 қаңтарында туған. № 132 орта мектебінде көлік жүргізуші болып қызмет атқарады. 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр. Сәтберген Ұзақбайұлы – 1968 жылдың 25 қаңтарында дүниеге келген. «Жансая» шаруа қожалығының басшысы. 5 баланың әкесі, 6 немеренің атасы. Айдын Ұзақбайұлы – 1972 жылдың 17 қыркүйегінде туған. Шет ауданындағы «А.Айқын» ЖШС басшысы. 5 баланың әкесі, 3 немеренің атасы. Жансая Ұзақбайұлы – 1978 жылдың 8 желтоқсанында туған. Қаражал қаласындағы «Айшырақ» дүкенінің иесі, жеке кәсіпкер. 3 баланың әкесі. Оспановтар әулетінің немере-шөберелері де бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы еңбек етіп, Қазақстанның өркендеуіне үлес қосып жүрген елге елеулі азаматтар мен азаматшалар. Бүгінде Оспановтар әулеті – бірнеше буынды қамтитын үлкен, тату шаңырақ. Әр мүшесі өз саласында адал еңбек етіп, елдің дамуы мен өркендеуіне үлес қосып келеді. Бұл әулет – отбасы құндылықтарын қастерлеудің, туған жерге қызмет етудің, бірлік пен берекені сақтаудың нағыз үлгісі. Бұл жеңіс – олардың көпжылдық еңбегінің, татулығы мен бірлігінің, ұлттық құндылықтарды ұрпаққа жеткізудегі үлесінің лайықты бағасы. Оспановтар әулеті – бірліктің, еңбекқорлықтың, сүйіспеншілік пен ізгіліктің символы. Осындай отбасылар – елдің рухани байлығы, берік іргесінің кепілі.