Белсенділік таныту – азаматтық парыз

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жаңа саяси реформалар жүргізіледі. Соған орай, Конституцияға өзгерістер енгізу мақсатында референдум өткізілгелі отыр. Бұл – мемлекетті басқару ісінде халықтың ықпалын арттыру бағытындағы аса маңызды қадам.

Референдумға қатыса отырып, әр азамат Ата Заңға өзгерістер енгізу үдерісіне тікелей атсалысады. Сол арқылы жалпы қоғамның оң сипатта, демократиялық үрдістер негізінде ілгері басуына негіз қаланады.

Мысалы, біз ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелерді шешуге бағытталған оң өзгерістердің, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді толықтай игеру мен оны халық игілігіне беру бағытында қолға алынған бастаманың жалғасын табуын құптаймыз.

Ауылдық жерлердегі қарапайым еңбек адамының лайықты жалақы алуына, әлеуметтік кепілдіктерін жетілдіру мәселесіне баса көңіл бөлінгенін қалаймыз.

Бұл референдум – мемлекет пен қоғам қатынасында тиімді құқықтық негіз қалыптастырудың бастауы. Бұл – Әділетті Қазақстан құрудың алғышарты. Сондықтан оған қоғамдық жауапкершілікті сезінетін әр азамат ықыласпен қатысарына сенемін.

Конституцияда 98 бап болса, оның 33-іне, яғни, үштен біріне өзгеріс енгізіледі. Мұның ішінде Парламенттің құзырын кеңейту, мәслихаттардың рөлін күшейту, өңірлердің құқықтық тұрғыдағы мүмкіндіктерін арттыру және тағы басқалары көзделген. Басты қағида: күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет.

Жалпы, Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізіледі. Оның ішінде екі бөлімнің атауы өзгереді. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайту.

Марлан ШАМБҰЛОВ,

ҚР Құрметті құрылысшысы, Қаражал қаласының Құрметті азаматы, қалалық мәслихаттың депутаты.