Бейнелеу өнері – тәрбие тәсілі

Мектеп жасына дейінгі балаларды көркемдік көзқарастарға тәрбиелеу – аса маңызды қажеттіліктердің бірі. Оның ішінде, бейнелеу өнері – эстетикалық тәрбиенің ерекше тиімді тәсілі, нақтылай түссек, баланың табиғи қажеттілігі

Балалардың мектепке дейінгі жасы – олардың бейнелеу өнерін дамытуға қолайлы уақыт. Бұл жаста олардың шығармашылық қабілеті қалыптасады әрі дамиды. Балабақшада бүлдіршіндер осы өнердің сан алуан түрімен, яғни, кескіндеме, графика, скульптура, сәндікқолданбалы өнер туындыларымен танысады. Сол арқылы әсемдікке, сүйіспеншілікке тәрбиеленеді, эстетикалық сезімдері дамиды. Олардың алдынан айналадағы дүниенің, формалардың, қимылқозғалыстардың байлығы мен сан сипатты реңі ашылады. Өнердің көмегімен балалар жаңа заттарды, өмір құбылыстарын зерделейді, тың ойларға бой ұрады.

Балабақшадағы бейнелеу өнері үш түрді – жеке заттарды бейнелеуді, сюжетті және декоративті сурет салуды қамтиды. Дәстүрден тыс әдіспен сурет салып үйренген бала қажетті құралды өздігінен тауып көрсетеді. Бұл – баланың өмірге шығармашылықпен қарауы мен кез келген затты әртүрлі мақсатта қолдана білуін дамытудың алғышарты.

Осы бағытта өзін-өзі ақтаған тәсілдер баршылық, олардың қатарына «Көкөністер бастырмасы», «Саусақпен сурет салу», «Далаппен сурет салу», «Нүктелер арқылы сурет салу», «Құммен сурет салу» және басқа да әдістерді жатқызуға болады.

Көркем шығармашылық әрекет баланы көңілсіз жағдайдан шығарып, жүйкеге түскен салмақты түсіріп, эмоционалды көңіл-күй туғызады. Сол себепті, балабақшада баланың басты әрекеті ретінде бейнелеу өнерін енгізу өте маңызды. Ал қолданылатын материал ретінде түрлі жеміс, тұқым, тастар, құс қауырсыны, ағаш бұтағы, гүлдер және тағы басқалары қызмет етеді.

Түйіп айтқанда, балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту – рухани адамгершілік негіздерін қалыптастырудың кепілі. Ол өз кезегінде бүлдіршіндерді еңбексүйгіштікке, шыдамдылыққа, ұқыптылыққа, дербестікке, белсенділікке және айналасындағыларға өз еңбегімен қуаныш сыйлауға талпынтары күмәнсіз.

Сәуле АХИМБЕКОВА,

«Улыбка» балабақшасының тәрбиешісі.