Бейбітшілік пен рухани келісімді сақтау – басты бағытымыз

Қазақстан Республикасы – зайырлы мемлекет болып, діни саладағы тұрақтылық пен толеранттылықты қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде бекітілген ел. Мемлекетіміздің дін саласындағы саясаты азаматтардың діни сенім бостандығын қорғау, түрлі діни конфессиялар арасындағы келісімді және бірлікті сақтау, сондай-ақ, деструктивті діни ағымдар мен экстремизмнің алдын алу негізінде жүргізіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында Астана қаласында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінде:

«Қазақ даласында әлемдегі ең негізгі діндер мен конфессиялардың барлығы дерлік тараған және бір-бірімен жарасым тапқан. Біз қазіргі Қазақстанда да осы игі дәстүрді сақтап, одан әрі дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз. Еліміздің этносаралық және дінаралық келісімді нығайтуда тәжірибесі мол. Қазақстанның этностық әрі діни толеранттылық моделі «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына сүйенеді. Бұл ұстаным, тіпті, әлемдік өлшем тұрғысынан бірегей саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметінде де көрініс тапқан. Тарихтың өзі қалыптастырған халқымыздың төзімі, ынтымақ-бірлігі мен кең дүниетанымы бүгінде еліміздің бейбітсүйгіш, теңгерімді сыртқы саясатынан анық аңғарылады. Бұл саясат сенімге, диалогқа және ынтымақтастыққа негізделген. Жалпыға ортақ осы құндылықтар мен қағидаттар барша халықтар мен мемлекеттер үшін де маңызды екеніне сенімім кәміл», – деп, Қазақстан территориясы ежелден түрлі мәдениеттер тоғысып, өркениеттер өзара біте қайнасқан мекен екенін атап өтті.

Осы орайда, жергілікті атқарушы органдардың міндеті – мемлекеттік саясатын тиімді іске асыра отырып, өз аумақтарында діни тұрақтылықты нығайту, халық ара сында рухани келісімді сақтау, деструктивті ағымдардың ықпалынан қорғау, сондай-ақ, профилактикалық және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу болып табылады.

Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі осы маңызды міндеттерді орындауда белсенді жұмыс жасап келеді. Қаладағы тұрғындардың рухани тыныштығын қамтамасыз ету, жастарды дәстүрлі діни құндылықтарға тәрбиелеу және экстремизмнің алдын алу мақсатында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Қаламыздағы діни тұрақтылықты нығайтуға бағытталған іс-шаралар аясында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ақпараттық-түсіндіру топтары жастар мен түрлі әлеуметтік топтар арасында кездесулер, семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыруда. Бұл кездесулердің негізгі мақсаты – жастардың діни сауаттылығын арттыру, дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалынан қорғау және тұрғындар арасында татулық пен келісімді нығайту.

Ағымдағы жылы қала көлемінде діни экстремизмнің алдын алуға арналған 151 іс-шара өткізіліп, 4280 адам қамтылғаны – осы бағыттағы жұмысымыздың нәтижелі екенін айғақтайды. Оның ішінде 113 жалпы кездесулер, 27 жеке профилактикалық кездесу, 10 акция және бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген 17 мақала бар. Сондай-ақ, тәуекел топтармен – жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, пробация есебінде тұрғандар, еңбек мигранттары мен спортшылармен 35 жұмыс кездесуі ұйымдастырылды. Кездесулерге танымал теологтар, республикалық және жергілікті ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қатысты, олар қоғамдағы діни тұрақтылық пен бейбітшілік құндылықтарын кеңінен түсіндірді.

Жәйрем кентінде әйел жамағаты арасында қолөнер шеберінің қатысуымен шеберлік сабақтары өткізіліп, Қаражал қаласында әйел жамағаттарының қатысуымен тағам әзірлеуден шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Қаражал қаласында жас отбасылар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеген «Қазағымның дәстүрлері-ай» атты этнографиялық сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сонымен қатар, спорттық турнирлер аясында «STOP терроризм» акциялары өткізілді, бұл шаралар жасөспірімдерге бейбітшілік, татулық пен зорлық-зомбылыққа қарсы тұрудың маңызын түсіндіруге бағытталды.

Жазғы маусымда мешіт жанындағы «Имани жазғы лагерінде» тарих пәнінің мұғалімдері мен имамдар балаларға дәрістер оқып, викториналар мен танымдық экскурсиялар ұйымдастырып, рухани тәрбиеге ерекше көңіл бөлінді.

Қаламыздағы мәдени-сауық орталығы мен орталық алаңдағы LED экрандар арқылы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған бейнероликтер тұрақты көрсетіліп, әлеуметтік желілерде 360 қарсы насихаттық материал жарияланып, 5110 адам қамтылды.

Біз үшін қоғамдағы бейбітшілік пен діни тұрақтылық – ең жоғары құндылық. Сондықтан, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, деструктивті діни ағымдардың алдын алу және қоғамдағы рухани келісімді одан әрі нығайту мақсатында барлық мүмкіндіктерді пайдалана береміз.

Манара ЖЕТИМЕКОВА,

«Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» ММ басшысы