Бауыржан ШЫҢҒЫСОВ — Ұлытау облыстық мәслихатының хатшысы

Бүгін Жезқазған қаласында жаңадан құрылған Ұлытау облыстық мәслихатының алғашқы ұйымдастыру сессиясы өтті. Сессияда облыстық мәслихат хатшысы лауазымына ұзақ жылдар бойы жауапты қызметтер атқарған, білікті маман Бауыржан Шыңғысов сайланды. 

Бауыржан Қабденұлы 1964 жылы 16 қарашада Жезқазған қаласында туған.  Екі жоғары білімі бар. 1990 жылы Қарағанды политехникалық институтын тау-кен машиналары және кешендері – тау-кен инженері-механик мамандығы бойынша, 2000 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер-құқықтанушы мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын Кеңес Армиясы қатарындағы борышын өтеген соң Жезқазған «Қазтүстіметаллжөндеу» басқармасында слесарь болып бастаған. 1992 жылы Кеден органдарына қызмет ауыстырып, осы салада 14 жылдан астам уақыт еңбек еткен.

2006 жылы «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС-іне экономикалық қауіпсіздік департаменті директоры қызметіне ауысты. Облыстың атқарушы органдарында қызмет етті – Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары, Сәтбаев және Жезқазған қалаларының әкімі болды.

2016 жылы Қарағанды облыстық мәслихатының VI шақырылымының депутаты болып сайланды және әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі болды.

Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Жаңа лауазымға сайланғанға дейін «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС жанындағы «Amanat» партиясы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды.