Qarmet АҚ «Өркен-Атасу» өкілдігіне қарасты «Батыс Қаражал» кен орнында марганец кенін өндіру жұмыстары басталды. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұнда соңғы 30 жылда алғаш рет жерасты қазбаларының түйісуі жүзеге асырылды. Бұл – кеншілер, кәсіпорын және Қаражал қаласы үшін тарихи маңызы бар оқиға.
Өркен-Атасу өкілдігінің директоры Нұртай Омаровтың айтуынша, бұл жоба жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ұжым бұл бастаманы ұзақ жылдар бойы көтеріп келген. Бұрын жобаны іске асыру мүмкін болмағанымен, қазір нақты жұмыстар қолға алынды.
Жерасты қазбаларын түйістіру – бір-біріне қарсы бағытта жүргізілген екі қазбаны дәл есеппен қосу процесі. Бұл жоғары инженерлік дәлдікті және барлық мамандардың үйлесімді жұмысын талап етеді. Жобаның нәтижесінде жаңа көкжиек шахтаның негізгі жерасты жолы – автокөлік еңісімен біріктірілді. Бұған дейін жұмыстар қол еңбегімен жүргізілсе, енді кеніштің алыс учаскелеріне ірі және өнімді техника еркін жете алады.
Бұл Qarmet үшін жаңа бағыт – марганец кенін өндіруді дамытуды білдіреді және кәсіпорынның өндірістік әлеуетін айтарлықтай кеңейтеді.
Металды игеру өндіріс көлемін ұлғайтуды, заманауи инженерлік шешімдерді енгізуді және тау-кен ісі мен шикізатты өңдеуде әлемдік озық тәжірибелерді қолдануды көздейді. Кеніш марганец қоры бойынша әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі болып табылады. Мұнда 349 миллион тонна бағалы ресурс шоғырланған.
2026 жылы компания 500 мың тонна марганец кенін өндіруді жоспарлап отыр. Жобаның жобалық қуаты жылына 2,5 миллион тоннаны құрайды.
Марганецке сұраныс жоғары. Ол металлургияда берік әрі тозуға төзімді болат өндіруде, машина жасауда, құрылыста, рельс өндірісінде кеңінен қолданылады. Сондай-ақ химия өнеркәсібі мен аккумулятор өндірісінде де маңызды рөл атқарады.
Темір кені департаментінің негізгі инвестициялық жобалары қатарында Қаражал алаңында Орталық оқпандар тобын салу және жиналған шламдарды қайта өңдеу бағдарламасы бар. Бұл жобаларды кешенді жүзеге асыру тау-кен жұмыстарының тиімділігін арттыруға, техногендік ресурстарды өңдеуге тарту арқылы шикізат базасын кеңейтуге және 1 000-нан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі серпін бермек.

