Батырдың есімі ұмыт қалмаса екен…

Қазіргі таңда еліміздің Тәуелсіздік жылдарында еленбей қалған, бірақ, ел үшін ерен еңбек сіңірген тұлғалардың есімін ардақтау – мемлекеттік деңгейде қолға алынған маңызды бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен еліміз бойынша 500-ден астам көшеге халыққа еңбегімен танылған, жергілікті деңгейде танымал, алайда, ұмыт қалған азаматтардың есімдерін беру көзделуде. Бұл – тарихи әділеттілік пен ұрпаққа үлгі болатын іс.

Осы орайда Қаражал-Жәйрем өңірінде де лайықты тұлғалар жеткілікті. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері, қоғам қайраткері, ел ішіндегі ағартушылық іспен айналысқан жан – Ермекбай Манаспаев. Ол соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде бар өмірін жастарды тәрбиелеуге арнап, педагогика саласында елеулі із қалдырған азамат. «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі», «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері атанған. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, ел арасында үлкен құрметке ие болған.

ХАЛЫҚ ҚОЛДАҒАН ҰСЫНЫС

Ермекбай Манаспаевтың есімі көшеге берілуі тиіс деген мәселе осыдан 40 жылдай бұрын да көтерілген болатын. 1986 жылдың 10 сәуірінде Жәйрем кентінде өткен тұрғындардың жалпы жиналысында Социалистік көшесін Е.Манаспаевтың атымен қайта атау ұсынысы қаралды. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Сырттанбеков, соғыс ардагері С.Есендәулетов, көше тұрғындары мен қоғам белсенділері бұл ұсынысты бірауыздан қолдаған.

Жиналыс хаттамасында көрсетілгендей, тұрғындар Ермекбай ағамыздың соғыс жылдарындағы ерлігін, бейбіт замандағы еңбегін, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесін ерекше атап өткен. Халықтан қолдау тапқан бұл бастама 1986 жылғы 9 мамырдан бастап күшіне енуі тиіс еді. Алайда, түрлі себептермен бұл ұсыныс іске аспай қалды. Уақыт өте келе бұл құжат ұмыт болғанымен, ел ішінде Ермекбай Манаспаев есімін көшеге беру туралы пікір әлі де өзекті.

АҚТАЙ МЕКТЕБІНІҢ ТАҒДЫРЫН ШЕШКЕН АЗАМАТ

Ермекбай ағамыздың елге сіңірген тағы бір үлкен еңбегі – Ақтай кентінде жаңа мектептің бой көтеруіне себепкер болуы. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бұл елді мекенде мектепке лайық ғимарат болмаған. Балалар 4-5 бөлмелі жеркепеде үш ауысымда оқуға мәжбүр болған.

Осы мәселеге алаңдаған Ермекбай Манаспаев тұрғындармен бірігіп, өтініш хат дайындап, оны сол кездегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, академик Қаныш Сәтбаевқа жолдайды. Қаныш Имантайұлы бұл хатты назарға алып, мәселені тікелей бақылауына алады. Нәтижесінде, 1962 жылы Ақтайда жаңа сегізжылдық мектептің құрылысы басталып, 1963 жылы пайдалануға беріледі.

Қазақ ССР Ғылым академиясы Президентінің Қазақ ССР Білім министрі А.Н. Ариповке жазған ресми хатында: «Оқу-тәрбие үдерісіне сай келмейтін мектеп ғимараты жағдайында балалар үш ауысымда оқуға мәжбүр. Осыған байланысты 1963 жылы жаңа мектеп салу мүмкіндігін қарастыруды сұраймын» делінген. Бұл тарихи хаттың көшірмесі бүгінге дейін сақталып келген және Ермекбай Манаспаевтың ел үшін жасаған жанкешті еңбегінің бұлтартпас дәлелі болып табылады.

ЕСІМІН ҰЛЫҚТАУ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ

Бүгінгі таңда Қаражал-Жәйрем өңірінде Ермекбай Манаспаевтың есімін мәңгілікке қалдыру – күн тәртібінде тұрған мәселе. Жәйрем кентіндегі бір көшеге немесе өзі ашылуына мұрындық болған Ақтайдағы мектепке есімін беру – өткенге тағзым, болашаққа өнеге болары сөзсіз.

Бұл ұсынысты қоғам белсенділері, ардагерлер кеңесі, ұстаздар мен жергілікті тұрғындар тарапынан қолдау тауып отырғаны қуантады. Ендеше, тарихи әділеттің қалпына келуіне біз де үн қосайық.

Өңіріміздің тарихына, ұлттың ұлағатына үлес қосқан Ермекбай Манаспаевтай азаматтың есімі өшпесін десек, оны болашақ ұрпақтың санасына сіңіру – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.

Мешітбай ОМАРОВ,
Қаражал қаласының Құрметті азаматы,
Ақсақалдар кеңесінің төрағасы.