Бүгінгі кейіпкеріміздің өмір жолы мен еңбегі жайлы газет бетінде бұған дейін де аз жазылған жоқ. Бірнеше жыл бойы білім саласында жемісті еңбек етіп, өз ісінің нағыз майталманы ретінде танылған Алтын Тажитова кейін журналистика саласына келіп, өңірлік баспасөздің дамуына өлшеусіз үлес қосты.
Ол 19 жыл бойы газетте басшылық қызмет атқарып, шығармашылық ұжымның қалыптасуына, басылымның беделі мен оқырман сенімінің артуына аянбай еңбек етті.
Бүгінде газетіміздің мерейтойы қарсаңында тәжірибесі мол, тағылымы терең қаламыздың қай саласында болмасын майталман маманымен қайта жүздесіп, өткенге көз жүгіртіп, салмақты ой, салиқалы пікір тыңдаудың сәті түсіп отыр.
Осы орайда біз оқырманға таныс, бірақ, әр қыры әлі де ашыла бермеген еңбек жолы мен өмірлік ұстанымы жайлы сырлы сұхбатты ұсынуды жөн көрдік.
– Алтын Зәрубайқызы, «Қазыналы өңір» газетіне алғаш келген күніңіз есіңізде ме? Ол кездегі ұжым қандай еді?
– Әрине, жақсы есімде. 2005 жылдың қазан айы болатын. Мен ол кезде Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінен ауысып келдім.
Газетке марқұм Төлеухан Ілиасұлы жетекшілік еткен өте ұйымшыл, кәсіби ұжымның ортасына түстім. Светлана Әділбаева, Раиса Джакипова, Сәуле Садықова, Тәслима Құрмансейітова, Айгүл Байпелова, Эльмира Ахметжанова сынды тәжірибелі мамандар еңбек етті.
Газеттегі бұрынғы басшы Ахат Құрмансейітұлы «Нұр Отан» партиясына, Президент сайлауы алдындағы штаб жұмысына ауысқан соң, мен басшының міндетін атқарушы ретінде келдім.
Ол кезеңде Төлеген Жаманов пен Ахат Құрмансейітұлы бұл салада маған бағыт-бағдар беріп отырды.
Бұл саланы бірден игеріп кетуіме бұрынғы тәжірибем көп көмектесті. Мектепте басшының орынбасары болдым, одан бұрын комсомол хатшысы, жастар одағының төрағасы қызметтерін атқардым.
Журналистиканың «ішкі асханасын» толық білмесем де, қоғамдық-саяси бағытын жақсы түсіндім. Әрине, мұның бәрі үлкен еңбектің нәтижесі.
– 19 жыл бойы бір басылымда еңбек ету – үлкен төзім мен жауапкершілік. Осы жылдар ішінде көзқарасыңыз қалай өзгерді?
– Әр нәрсенің өз уақыты бар. Біздің кезеңде цензура болмағанымен, «заңға бағынған құл болмайды» деген қағиданы берік ұстандық.
Біз халыққа жағу үшін емес, заң аясында, әділ болуға тырыстық. Газет – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір. Сондықтан, екі жақтың да пікірін тең ұстау басты ұстанымымыз болды.
Ол жылдары мәселе де, түйткіл де көп еді. Соған қарамастан, газет таралымы 400 данадан 1800 данаға дейін өскен кезеңдер болды.
Осы тәжірибемнің бәрін мен Қарағанды мемлекеттік университетінде қорғаған дипломдық жұмысымда қамтыдым. Тақырыбы – «Аймақтың төртінші билігі».
Ғылыми жетекшім – профессор Қойлыбай Асанұлы болды. Жұмыс жоғары деңгейде қорғалып, қызыл диплом алдым.
Алдағы уақытта осы еңбекті жинақ етіп, архивке не кітапханаға тапсыруды ойлап жүрмін. Бұл – кейінгі ұрпаққа қалатын қолтаңба деп білемін.
– Сіздіңше, «жақсы материал» деген не?
– Жақсы материал – халықты бірлікке, татулыққа, ынтымаққа үндейтін, әрі билік пен қоғам мүддесі тоғысқан дүние.
Біздің тұста портреттік мақалалар көп жазылды. Еңбек адамына әрдайым басымдық бердік. Мемлекет еңбек адамын бүгін ғана насихаттап жатқан жоқ, біз бұл бағытта он жыл бұрын-ақ жазып бастағанбыз.
Аймақтың қарапайым еңбеккерлерін халыққа таныстырдық.
– Редакторлық қолтаңбаңызды қалай сипаттар едіңіз?
– Редакторлық қолтаңбаның бағасын уақыт пен оқырман береді. Мен оған өзім баға беруден аулақпын.
– Газет бетіне шықпай қалған, бірақ, өзіңіз үшін өте қымбат материал болды ма?
– Иә, болды. Ол – жоғарыда айтқан «Аймақтың төртінші билігі» атты зерттеу жұмысым. Оның құндылығы сол – ол тұтас бір кезеңнің айнасы.
– 19 жыл ішінде есте қалған ең қиын әрі жауапты сәттер қандай еді?
– 2005-2012 жылдар аралығында электронды пошта болмаған кезеңдер өте қиын болды. Материалдарды «Қазпошта» арқылы жіберетінбіз.
Уақытпен санаспайтын, үлкен жауапкершілік жүктейтін жылдар еді.
– Қазіргі жас журналистердің артықшылығы мен кемшілігі неде деп ойлайсыз?
– Кемшілігін жекелеп айтқым келмейді. Артықшылығы – заманауи технологияны толық меңгерген, саяси сауатты, көзқарасы қалыптасқан журналистер өсіп келеді.
Қазіргі жас қаламгерлерге көңілім толады. Дегенмен, журналистика – жеңіл мамандық емес, көп еңбекті талап ететін сала екенін ұмытпаған жөн.
– Сізді алға жетелеген өмірлік қағидаңыз қандай?
– Мен өмірде Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңғасыновтың мына сөзін ұстанып келемін:
«Ешкімді ренжітпедім – жаным таза.
Пара алған емеспін – қолым таза.
Ешкімнің қаны мойныма артылған жоқ – арым таза».
Осы үш қағида – менің өмірлік ұстанымым.
– Қызмет еткен басылымыңызға, әріптестеріңізге және оқырманға айтар тілегіңіз?
– Біз газетті оқырман іздеп жүріп оқитын деңгейге жеткіздік деп ойлаймын. Әріптестеріме шығармашылық табыс, ал оқырмандарға амандық, бірлік пен береке тілеймін.
– Әңгімеңізге көп рахмет, сізге де шығармашылық табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ.
