Алматы қаласында 50 жас пен 90 жас аралығындағы талантты жандарға арналған «Өнерлі елдің өресі биік» атты IX республикалық байқау болып өтті. Аталған байқауға «Хормен ән салу» жанры бойынша қатысқан Жәйрем кентінің өнерлі қариялары Бас жүлдені иеленіп қайтты.
Мақсаты — елуден асқан жандардың ән мен жырдан, қолөнер мен сурет салудан өнер додасын ұйымдастыру арқылы әрбір қатысушыға рухани қолдау көрсетіп, бойындағы өнерін жас күніндегідей қайта бір шыңдауына мүмкіндік сыйлау, өмірде тәжірибесі мол өнер иелерін байқауға қатыстыру арқылы ескірген, ұмыт болған әндер мен күйлерді қайта жандандыру, қолөнер бұйымдарын өнер додасында көрсету арқылы ұлттық өнердің тағы бір жаңғыруына жол ашу, зейнетке шыққан қазыналы ата-әжелеріміздің немерелеріне арнап ән айтуы мен бата беруі арқылы қазақы тәрбиені жаңғырту болған байқауда біздің қазыналы қарттарымыз тамаша өнер көрсетіп, топты жарып шықты.
Оңтүстік астанада болған өнер додасында жәйремдік «Асыл әже, ғасыр әже» ансамблі «Көш» әнін нақышына келтіре орындап, барлық қазылардың, сонымен қатар, көрермендердің де зор қошеметіне бөленді.
Ансамбльдің музыкалық жетекшісі ауылымызға танымал өнер иесі Ғизатхан Хапан болса, көркемдік жетекшісі Гауһар Нұрланова. Ал ансамбль мүшелері Әлия Ибрагимова, Оразкүл Қадірсізова, Бағаш Сейсембаева, Күлжахан Асанова, Бәтеш Жолдыбаева, Мінәйім Сүйімбаева, Күләнда Мусапирова, Мадина Ақшабаева есімді өнерлі әжелер.
Бұл Республикалық байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен өнерлі қариялар қатысады. Жәйремдік ата-әжелердің бұл алғашқы бас жүлдесі емес. Осыған дейін де Алматыға барып, өз өнерлерімен талай бас бәйгені қанжығалап жүрген қазыналы қарттарымызға біз құтты болсын айта отырып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық тілейміз.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА