Барлық мәселелер – тұрақты бақылауда

Бейсенбі күні ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай КӨЛГІНОВ Ұлытау облысына жұмыс сапарымен келді. Вице-премьер Жезқазған, Сәтбаев қалаларындағы құрылысы түрлі себептермен аяқталмай қалған нысандарды аралады. Өңір аграрларымен жүздесіп, «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімді тұстары жайлы әңгіме қозғады.

Алтай Көлгінов әуелі Сәтбаев қаласына атбасын бұрып, кеншілер шаһарындағы құрылысы аяқталмай тұрған «Оқушылар сарайы» ғимаратында болды. Аталмыш нысанның құрылысы 2018 жылы басталған. Сол кезде тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімі болды. Алайда, барлық білім беру нысандарын қаржыландыру жөніндегі функцияларды облыстық деңгейге беруге байланысты жоба Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына өткен. Мердігер – «Марал-Құрылыс» ЖШС-мен шарт бұзылды.
Қазіргі уақытта нысан «Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының балансында тұр. Алтай Көлгіновке аталған объектіні облыстың тиісті мекемесінің балансына қабылдағаннан кейін жобалық сметалық құжаттарына түзету жұмыстары басталатыны баяндалды. Оларды 2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтау жоспарлануда.
Сондай-ақ, вице-премьер кеншілер қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болды. БЖСМ басшылығы мейманға саланың проблемалық мәселелері туралы хабардар етті. Әсіресе, облыстық олимпиадалық резервтегі мектеп-интернаты спорт мектебінің құрылысы туралы өтінішхатқа қатысты әңгіме тілге тиек болды. Қажетті жер учаскесі бар. Бұл бастаманы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі қолдады, алайда ҚР Қаржы министрлігі тарапынан қолдау таппады.
Алтай Көлгінов жергілікті БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, Сәтбаев қаласындағы сапарының мақсаты туралы және жұмыс сапары барысында көтерілген мәселелер қаралып, өз шешімін табатыны туралы айтты.
Бұдан соң, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары өзінің жұмыс сапарын Жезқазған қаласында жалғастырды. Жұмыс барысында вице-премьер Президенттің тапсырмасымен елімізде 12 перинаталдық орталық салынатынын, оның бірі Жезқазғанда бой көтеретінін жеткізді.
Қазір нысанның сметалық құжаттары әзірленіп жатыр. Құрылыс келесі жылы басталады. Өз кезегінде вице-премьер облыстағы дәрігер тапшылығын жою шараларына басымдық беру қажеттігін тапсырды.
Өңір аграрларымен болған жүздесуде Алтай Көлгінов «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімді тұстары жайлы айтты. Облысқа бұл бағдарлама бойынша 570 млн теңге бөлінген. Қазірдің өзінде 2,5 проценттік несие алуға 200-ден астам кәсіпкер мен кооператив жетекшілерінен өтініш түскен. Сұраныстың көбеюіне орай үкімет өңірге бөлінетін қаржыны бірнеше есе арттыратын болды.
– Қосымша биылғы жылға тағы 2 млрд 800 млн. теңге береміз. Егер одан да көп өтініштер болатын болса, өз кәсібімізді ашамыз, мынадай мал шаруашылығымен, немесе басқа да шаруашылықпен айналысымыз деген өтініштері болса біз қосымша қаражат үкіметтен бөлеміз, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов өз сөзінде.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ