Балаларға қуаныш сыйлаған игі бастама

Жаңа оқу жылы қарсаңында Жәйрем кентінде ерекше жылылық пен қамқорлыққа толы қайырымдылық шарасы өтті. Қаражал қалалық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Гауһар Наурызбаева бастамашы болған «Балаларды мектепке даярлайық» акциясы көпбалалы және әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларына үлкен демеу болды.

Бұл игі іске Ұлытау облыстық мәслихат депутаты Айдос Серіков, Жәйрем кентінің депутаттары Марлан Шамбулов, Данияр Жақсыбеков, Нұрбек Құлжанов, Рымғали Мұздыбаев және «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш партия ұйымының мүшелері белсенді түрде атсалысты. Олар 25 балаға мектепке қажетті кеңсе тауарлары мен киім-кешектерді тарту етіп, жаңа оқу жылына сенімді қадам жасауға мүмкіндік берді.

– Бүгінгі таңда бір баланы мектепке дайындау – кез келген ата-ана үшін үлкен жауапкершілік. Ал, көпбалалы отбасылар үшін бұл тіпті ауыр жүк. Сондықтан, мұқтаж жандарға қолдау көрсету – біздің азаматтық міндетіміз. Бұл іске халық қалаулылары да үлкен ықыласпен кірісіп, жыл бойы тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді, – деді Гауһар Наурызбаева.

Айдос Серіков, Ұлытау облыстық мәслихаттың депутаты:
– «Мектепке жол» акциясы – еліміздің болашағы саналатын балаларға деген қамқорлықтың жарқын көрінісі. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету – біздің азаматтық әрі адами борышымыз. Бұл бастама арқылы біз тек мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, балалардың жүрегіне үміт пен сенім ұялатамыз. Ұлытау өңірінде де бұл акцияға белсенді қатысып жатқан азаматтар, кәсіпкерлермен ұйымдар бар. Мен, өз тарапымнан, осы игі істі қолдай отырып, барлық тұрғындарды қайырымдылыққа шақырамын. Бір баланың қуанышы – тұтас қоғамның қуанышы. Білімге жол ашу – жарқын болашаққа жол ашу деген сөз, – дейді.

Данияр Жақсыбеков, қалалық мәслихат депутаты:
– Аталған акцияға жыл сайын қатысып келеміз. Бұл – тек көмек көрсету емес, балалардың болашағына сенім сыйлау. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларына мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен киім-кешек тарту ету арқылы біз олардың білімге деген ынтасын арттырып, жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен бастауына жағдай жасаймыз. Балалардың қуанышын көру – біздің ортақ жеңісіміз. Жәйремде елжанды, белсенді азаматтар көп. Солардың бірқатары осы қасымызда жүрген жастар – волонтерлер. Олар өндірісте еңбек етіп жүрсе де, қоғамдық істерден шет қалмай, осындай игі бастамаларға атсалысып келеді және барлығы да «AMANAT» партиясының мүшелері. Бұл – нағыз бірлік пен жанашырлықтың көрінісі, – дейді депутат.

Мөлдір Сатжанова, партия мүшесі, волонтер:
– Бұл акцияға қатысу – мен үшін үлкен мәртебе. Әр баланың жүзіндегі қуаныш, олардың мектепке деген ынтасы мен үміті – біз үшін ең үлкен марапат. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларына көмектесу арқылы біз тек оқу құралдарын ғана емес, болашаққа деген сенім сыйлаймыз. Біз балалардың білімге деген құштарлығын қолдап, олардың армандарына жол ашуға тырысамыз. Әрбір сөмке, дәптер, қалам – бұл тек зат емес, бұл баланың болашағына салынған инвестиция. Осындай игі істерге атсалысу – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш, – дейді ерікті. Оның айтуынша, волонтерлер мен партия мүшелері бұл акцияны тек бір реттік шара ретінде емес, жыл бойы жалғасатын жүйелі қолдаудың бір бөлігі ретінде қабылдайды.

Аяулым, алты баланың анасы:
– Төрт балам мектепке барады. Барлығына қажетті заттарды алу оңай емес. «AMANAT» партиясы мен волонтерлер тобы бізге үлкен көмек көрсетті. Шын жүректен алғысымды білдіремін, – деп ағынан жарылды.

Жәйрем кентінде жаңа оқу жылына дайындық кең көлемде жүргізілуде. Үш мектеп өз қамқорлығындағы отбасыларға қолдау көрсетсе, Жәйрем ауруханасы 1-сыныпқа баратын 7 қызметкердің баласына оқу құралдары салынған сөмке сыйлады.

Ал, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы арқылы комбинатта еңбек ететін көпбалалы отбасының әр баласына 20 АЕК, ал, 1-сыныпқа баратын әр балаға 10 АЕК көлемінде және жалғыз басты ана, жалғыз басты әке санатындағы, сонымен қатар, қамқоршылық алған жұмыскердің әр баласына 20 АЕК көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда ата-аналар құжаттарын рәсімдеуде.

Бұл бастама – білімге құштар, болашағы жарқын ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам. «AMANAT» партиясы ұйымдастырып отырған «Мектепке жол» және «Баланы мектепке даярлайық» акциялары жыл соңына дейін жалғасады. Алда әлі талай балаға көмек көрсетілетініне сеніміміз мол.

Теректі ШАҒАТАЙ.