Жаңа жыл – жақсылық пен үміттің, шаттық пен мейірімнің мерекесі. Әсіресе, бала үшін бұл күн – ғажайыпқа толы ерекше сәт. Осы жарқын дәстүрден Қаражал қаласы да тыс қалмай, биыл да әкім шыршасы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Мерекелік кешке әлеуметтік қолдауды қажет ететін және көпбалалы отбасылардан шыққан 130 бала шақырылды. Әсем безендірілген, жарқыраған шамдармен көмкерілген шырша маңына жиналған балаларды шат күлкі мен мерекелік көңіл-күй қарсы алды.
Іс-шара барысында қала әкімі Айқын Елеусізов балғындарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді. – Балалар – біздің болашағымыз. Сіздердің шат күлкілеріңіз – еліміздің ертеңіне деген сенім. Жаңа жыл әр шаңыраққа құт-береке, әр балаға денсаулық пен бақыт әкелсін. Армандарыңыз асқақ болсын! – деді қала басшысы.
Айта кетерлігі, қала әкімі мерекелік кеш барысында балалармен бірге шыршаны айналып, ойындарға қатысып, балғындардың қуанышына ортақтасты. Бұл сәттер балалардың есінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Мерекенің көркін арнайы шақырылған Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры және Шаттық студенттер театрының актерлері аша түсті. Сахна төрінде Аяз ата мен Ақшақар, ертегідегі батыр, Жылан жылы, биылғы жылдың символы – Жылқы, сондай-ақ, балалардың сүйікті кейіпкерлері Маша мен Лунтик бой көрсетіп, қызықты қойылым ұсынды.
Кейіпкерлер түрлі ойындар ойнатып, жұмбақтар жасырып, балаларды белсенді қатысуға шақырды. Көңілді әуендер мен шаттыққа толы би кешінің барысында балаларға арнайы дайындалған жаңа жылдық сыйлықтар таратылды. Балғындардың жүзіндегі қуаныш пен риясыз күлкі мерекенің басты сәніне айналды.
Бұл әкім шыршасы – тек мерекелік кеш қана емес, балаларға көрсетілген қамқорлық пен мейірімнің айқын көрінісі болды. Осындай ізгі бастамалар арқылы жас ұрпақтың жүрегіне үміт ұялап, жаңа жылға деген сенімі нығая түсті.
Жаңа жыл әр шаңыраққа шаттық әкелсін, ал балалардың күлкісі ешқашан тынбасын!
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ
