Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауы бүгінгі қоғамның бірқатар өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартудың тың жолдары айқындалып, заманауи жобаларды жүзеге асыру ісі жоспарланған. Олардың қатарында еліміздің білім беру саласын күтіп тұрған оң өзгерістерге назар аудару маңызды саналады.
Жолдауда еліміздің білім беру саласының барлық салаларына қатысты мәселелер қамтылған. Мектепке дейінгі дайындық, орта білім, кәсіби білім беретін оқу орындары және жоғары білім беру саласының қордаланған өзекті мәселелері алдағы уақытта өз шешімін табады деп сенеміз.
Атап айтқанда, жас жеткіншектерді балабақшада тәрбиелеу ісі, балаларды толыққанды қамту мәселесін шешу көзделген. Әрине, қазіргі таңда балабақша жасындағы балаларды қамту ісіне күрделі өзгерістер керек.
Жолдау барысында орта білім беру саласына көп көңіл бөлінген. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы орта білім саласын «табысты ұлт болудың маңызды шарты» деп бағалайды. ХХІ ғасыр білім мен біліктілік сынға түсетін тарихи уақыт. Сол себепті, өскелең ұрпақтың білім алуына толыққанды жағдай жасалғанда ғана халқымыз табысты ұлт деңгейіне көтеріле аламақ.
«Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» дейді дана халқымыз. Қазақ халқы ежелден білім берген ұстазына деген құрметін аямаған. Жолдауда ұстаздардың абыройы мен беделін арттыру бағытында біршама өзгерістер болатындығы айтылды. Бұл бағытта ұлттық құндылықтарды жаңғырту, сондай-ақ, дамыған елдердің тәжірибесін зерделеу, ұтымды жолдарын басшылыққа алу ісі оң болмақ. Ұстаздардың материалдық жағдайымен қатар, ғылыми ізденісіне, педагогикалық шеберлігін шыңдауына назар аудару қажет.
Мемлекет тарапынан ерекше қажеттігі бар балаларға ерекше қолдау көрсетіліп жатыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде мүмкіндігі шектеулі балалар санының артып бара жатқанын, оларға қызмет көрсететін мамандандырылған ұйымдардың жұмысына қатысты нормаларды атап айтты. Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар балалар үшін білімнің қолжетімді болуы керектігін, сондай-ақ, оларға тиісті жағдайдың барлығы жасалуы қажеттігін, соның ішінде арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаудың аясын кеңейтуді нықтап тапсырды. Соның арқасында бұл санаттағы балалар мемлекеттің үлкен қолдауына ие болуда.
Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес маңызды норма қабылданды. «Балбөбек» бөбекжайында ата-аналар арасында «Біртұтас ұлттық тәрбие» бағдарламасы аясында «Әкелер мектебі», «Әжелер мектебі», «Жас ата-аналар мектебі» жобалары жүргізілуде.
«Әкелер мектебі» жобасында әке мен бала арасында бірнеше ойындар ұйымдастырылды. «Ханталапай», «Қамшы өру», «Асық ату», «Арқан тарту» сынды бірнеше ойын түрлері өткізілуде.
«Әжелер мектебі» жобасына бөбекжайға әжелер келіп кішкентай бүлдіршін қыздарымызға жүн түтіп, сырмақ сыруды, сиыр сауып, құрт жасаудың тәсілдерін көрсетіп үйретуден жалықпайды.
«Жас ата-аналар мектебі» жобасына байланысты бірнеше іс-шаралар жүргізілді. Атап айтсақ, «Біртұтас ұлттық тәрбие» бағдарламасы аясында жас ата-аналар арасында сайыс өткізілді. Сайыстың мақсаты – ұлттық құндылықтарды баланың бойына сіңіру.
Қорыта келе, Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында айтылған мәселелер Әділетті Қазақстанды құруда рөлі жоғары. Сол себепті де Жолдауда айтылған бастамалар қоғам мүшелерінің тарапынан қолдауға ие болып, қолға алынған жобалар мен міндеттерді барынша белсенділікпен орындауға атсалысу – қазақстандықтар үшін маңызды мәселе.
Ұлжан САТАНОВА,
«Балбөбек» бөбекжайы меңгерушінің м.а