Әр ұлт үшін тәуелсіздік, бостандық, рух еркіндігі, азаттық деген ұғымдардан асқан құндылықтар жоқ шығар. Бұған қол жеткізу және оны сезіну – бұл шексіз қуаныш және басымызға Жаратқанның қондырған бақ құсы десек болады. Әр ұлттың басты құндылығы мен баға жетпес байлығы, ол – Тәуелсіздігі. Бізге Тәуелсіздігімізді қастерлеу, оны көзіміздің қарашығындай сақтау – қаншама қиын жылдарды басынан кешірген ата-бабамыздың алдындағы ұлықты аманатымыз. Өскелең ұрпақтың саналарына осы ұғымдарды сіңіріп, бойларына құйып, жетелеріне жеткізіп, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғындыру ұстаздық міндетіміз.
Қаражал қаласындағы «Улыбка» бөбекжайының тәрбиешілері өсіп келе жатқан ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншіліктің, ана тілімізге деген махаббат пен қадірдің дәнін сеуіп келеді. Себебі, еліміздің жарқын болашағының кілті – осы балапандардың ұлтшыл азамат болып өсуінде жатыр деп білемін. Ана тіліміз бен салт-дәстүрімізді сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу, дәріптеу, насихаттау, дамыту ұлт алдындағы үлкен міндетіміз.
Дәуір мен дәуір, ғасыр мен ғасыр алмасып жатқанда ата-бабамыз сан мың жылдар аңсаған мұратына біз жетіп отырмыз. Бізге бұйырған осынау бақты бағалай білу, жүрегімізбен ұғынып, көзімізге жас алып тебірену бізге берілген өлшеусіз сый. Осынау Тәуелсіздік жылдардың әр жылының өзіндік тарихы бар. Отыз жылдың ішінде халықаралық аренада еліміздің абыройы артты, айшықты астанамыз бейбітшілік пен жасампаздыққа жетелейтін үлкен пікір алаңына айналды. Осы астанамызға қарап, өзге өңірлеріміз бой түзей бастады. Жастарымыз білімге ден қойды. Еліміздің тас жарар таланттары мен білікті мамандары халықаралық деңгейге шығып, дүйім жұртты тамсандырып жүр. Бұның барлығы тұғырлы Тәуелсіздіктің арқасы деп білемін.
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін қиын жылдар артта қалды. Ендігі білімнің заманы келді. Білімге инвестиция салған, балаларды білімге баулыған ұлттың керегесі кең, шаңырағы шуақты бола түспек. Осы тұрғыдан келгенде, кейінгі ұрпақты білімге баулу, бойларына адамгершлік құндылықтарын сіңіру — басты міндетіміз. Ендігі мемлекетіміздің тәуелсіздігінің баянды болуы үшін әрбір қазақтандық аянбай қызмет етуі қажет. Ол үшін әр маман өз саласын жетік меңгеруі тиіс. Сонда ғана біз еліміздің дамуының келесі кезеңіне нық сеніммен өтеміз.
Зәмзагүл БАЯЗИТОВА,
«Улыбка» бөбекжайының жоғары санатты тәрбиешісі.