1 маусым күні балақайлардың сүйікті мерекесі — Халықаралық балаларды қорғау күні тойланады. Бұл мерекенің мәні де, мағынасы да ерекше екені бәрімізге белгілі: балаға қуаныш сыйлау – бір бақыт, әсіресе, күлімдеген көзін, сыңғырлаған күлкісін, былдырлаған сөзін естігенде, керісінше – кішкентай балапандар бізге бақыт нұрын сыйлаған күй кешкендей боламыз… Мереке кезінде осының бәрі еселене түседі.
Балаларымыздың мейрамы қарсаңында, бекітілген желілі кестеге сәйкес «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының демеушілігімен Қаражал-Жәйрем аумағында бірнеше мерекелік шаралар өтті. Ерекше атап өту керек, бұл шаралар «AMANAT» партиясы орталық аппаратының негізгі іс-шаралар қатарына енгізілген.
29 мамыр күні «AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында Жәйрем кенті ауруханасының перзентхана бөлімінде дүние есігін ашқан сәбилер мен олардың аналарын құттықтау шарасы ұйымдастырылды. Шара барысында жас аналарға гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар және Құттықтау хаттар табысталды.
Арнайы әзірленген Құттықтау хатында «…Еуразияның төсінде ту тіккен, сенің Отаның Қазақстан – ұл мен қызы еркін, дамуы қарқынды, Тәуелсіз Мемлекет! Бұл – сенің далаң! Бұл – сенің елің, айналайын! Сен, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінің қарсаңында дүние есігін ашып, отбасыңды бақыт құшағына бөледің…» делінген.
Сондай-ақ, Жәйрем кентіндегі «Балдырған» балабақшасында өткен «Бақытты балалақ шақ» атты мерекелік шараның қонағы болып, бүлдіршіндердің өнерін тамашалап, іс-шараның демеушісі ретінде балаларға тәттілер үлестіріп, балабақша топтарына бірталай ойыншықтар табыстадық.
Қаражал қаласындағы волонтер-оқушылардың қатысуымен «Көңілді старттар» спорттық жарысы ұйымдастырылды. Жарыстың демеушісі — «AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалы болса, іс-шараны ұйымдастырып өткізген – Жастар ресурстық орталығы, ал спорттық жабдықтармен қамтамасыз еткен — № 3 ЖББМ ұжымы болды.
Осы орайда, іс-шараларды атқаруға атсалысқан мекеме басшыларына: Жәйрем кенті ауруханасының директоры Дәурен Смағұловқа, Жәйрем кенті «Балдырған» балабақшасының меңгерушісі Гүлнар Бимендинаға, Қаражал қаласының № 3 ЖББМ директоры Асыл Кудикеноваға, Жастар ресурстық орталығының директоры Аружан Маратоваға ризашылығымызды білдіреміз.
Гүлмира ИСИНА,
«AMANAT» партиясы Қаражал қалалық филиалының атқарушы хатшысы.