Бүлдіршіндердің назарына!

Қаражал қалалық орталықтандырылған Сәкен Сейфуллин атындағы балалар кітапханасында бұрын соңды болмаған жаңа жоба! «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, қаламыздың кішкентай бүлдіршіндерін кітапқұмарлыққа баулып, қиял-ғажайып ертегілер арқылы армандай білуді үйрету мақсатында «Ертегі жолымен» жобасы аясында балалар кітапханасының cdbkarazhal инстаграм парақшасында балдырғандар үшін әр күні кешкі сағат 21.00-де «Шырын апайдың ертегілері» атты ертегі сағаты ұйымдастырылып отыр.

Әрине, бүлдіршіндер үшін бір жаңалық болса, кімнің құлағы елең етпес?! Осы орайда біз де қызығушылық танытып, кітапхана басшысына хабарласып мән-жайдың анық-қанығын, идеяның түп төркіні мен келешекте даму қарқыны турасында сыр тартқан едік.

Идея әрине, өзімдікі. Өзім де ана болған соң «бала, бала тәрбиесі, баланың дұрыс балалық шағы» деген сұрақтар әрдайым санамызда саңқылдап тұратыны қай анаға болса да құпия емес. Ал, мені өзім ұлттың қазынасы киелі кітаптардың, мол білімнің ортасында жүрген соң, кішкентайлар үшін үлкен мүмкіндік осы біздің қолда ма деген сұрақ мазалады. Осы ойымды әріптестеріме айтып көріп едім, жаны жайсаң, еті тірі, еш жұмыстан жиренбей кірісіп кететін еңбекқор қыздарым бірден келісіп, идеямнан идея туындатып қолдай жөнелді. Осындайда ұйымшыл ұжымымды мақтап қояйыншы.

Бұл жобада әртүрлі жанрдағы ертегілер, мәселен батырлар жайлы, қиял ғажайып ертегілер, отбасы, өнер-білім жайлы ертегілер оқылмақ. Ертегі оқитын, әрине, өзіміздің кітапханашымыз – Шырын ТҰРАБАЙ. Келешекте бүлдіршіндерге қызықты болуы үшін Шырын апайдың қасына мектептерден бірекі оқушыдан шақырып ертегі оқыта бастаймыз. Және Шырын апайдың қасында отырып бүлдіршіндермен сөйлесіп, ертегі сағатын одан әрі әрлей түсу мақсатында ойыншықтар да тігіліп жатыр.

Бізде бұл жоба әзірге ауа райының қолайсыздығына байланысты инстаграм парақшасында онлайн басталып жатыр. Кейін көктем шығып, жер аяғы кеңіген соң таза ауада, көгалдарда отырып бүлдіршіндерді маңайымызға жинап ертегі оқу жоспарымызда бар, – дейді кітапхана басшысы Тілеухор Байшөкенова.