Биылғы қыс мүлдем өзгеше болып тұр. Көктайғағы, қалың қары қат-қабат келіп шаруаға да, түз тағыларына да жайсыз тиіп жатыр. Әсіресе ен даланың еркесі – ақбөкендерге қиын болды. Қазір Қаражал өңірін аралай қалсаңыз далада топ-топ болып өліп жатқан киікті көресіз. Ал мұның соңы үлкен зардап әкелуі мүмкін…
Киік жарықтық Сарыарқаның сайын даласының сәні. Ол тек Бетпақтың кең жазығы мен Сарыарқаның үстірттерін ғана мекен етеді. Одан өзге аймақты жерсінбейді. Күзде іргеміздегі Өзбекстан, қырғыз елінің шекарасынан өтіп, шеткі аймағында қысты өткізіп, көктем шыға қазақ сахарасына қайыра оралады. Бұл қашанғы дағдылары.
Алайда, мүйізіне қызыққан содырлардың сойқанынан кейін олардың санын күрт кемітіп алып, кейін оны қойша бағатын болдық. Ен даланың еркесі осылайша «қолбалаға» айналды. Одан қалды, қарыштап дамыған техника дәуірі де ақбөкендердің адымын аштырмай қойды. Темір жол желілері мен автокөліктің тасжолдары киік көшетін жолдарды да жауып, оңтүстік өңірлерге өтуін қиындатып тастады. Осының салдарынан соңғы жылдары киік Сарыарқада қыстап қалып жүр. Ал, Арқаның ақырған аязы мен апталап соғатын бораны дала еркесін діңкелетіп тастайтыны айтпаса да түсінікті. Оның үстіне киік матауы да осы қыстың басына дөп келеді. Күйектен қалжырыған киік текелері аяз қысқанда тұрған жерінде қатып қалады. Осындай жағдай болмас үшін жергілікті билік киік көшкіні кезінде темір жол бойындағы торларды ашып, жануарлардың оңтүстікке өтуіне жағдай жасауы керек.
Өкінішке орай, құзырлы орында биыл бұған селқос қарады. Жуырда әлеуметтік желілерде Жезқазған-Жаңаарқа бағытындағы авокөлік жолының бойында жосылып жүрген киіктер соның айғағы. Ал сол жануарлардың дені қазір Қаражал мен Жәйремнің ен даласында қырылып жатыр. Оның обал-сауабы кімге?!
Жә, обалын айтпағанда, бұл келеңсіздіктің соңы адам өміріне де үлкен қауіп төндіретінін ойлауымыз керек. Бүгінгі қырылып жатқан киік өлекселері ертеңгі эпидемияның ошағы болмасына кім кепіл? Оба, құтыру, тырысқақ сияқты түрлі жұқпалы кесел осындайдан шығатынын тарих қаншама рет дәлелдеп берді. Енді біз осы қауіптің алдын алу шараларын жасауымыз қажет.
Ол үшін не істемек керек? Ең бірінші жергілікті билік бар, түрлі құзырлы орындар бар киіктің өлекселері мол шоғырланған аймақтарды аралап, сол жерден өлексе көметін, өртейтін арнайы орын дайындауы қажет. Әлігінде айтып өткенімдей Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің маңайында жүздеген киіктің өлі денелері жатқан жерлер бар. Жұмысты сол аймақтардан бастағандары жөн. Оларды қазір өртеп, көміп, маңайын залалсыздандырмасақ, ертең орны толмас өкінішке қаламыз. Қазір елдің қолында мал басы айтарлықтай өсті. Көбі далада жүр. Уақтылы жиналмаған киік өлекселері ертең іріп, шіріп, сасиды, ауру тарата бастайды. Ол малға жұғады. Әрі қарай айтпасақ та болар.
Мешітбай Омар,
Қаражал қаласының Құрметті азаматы