Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Қаражал қаласы мен Жәйрем кентіне жұмыс сапарымен барды. Өңір басшысы алдымен кенттегі аурухананың жағдайымен, жөндеу жұмыстарымен танысып, жетпейтін медициналық құрылғыларға тапсырыс беруді, құрылыс жұмыстарды мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Келесі кезекте облыс әкімі Жәйремдегі 320 орындық жекеменшік балабақшаның жайын бақылады. Өңір басшысы өз кезегінде бөбекжайдың қуаттылығын арттыру қажеттігін жеткізді.
Жұмыс сапарының аясында облыс әкімі қадағалаған кезекті нысан – өрт сөндіру депосы болды. Кентте бой көтеріп жатқан ғимаратқа өңір басшысы қызметкерлер мен құтқарушыларды қазірден жасақтау міндетін жүктеді.
Сонымен қатар, облыс әкімі Қаражал қаласындағы жабық жүзу бассейнінің құрылысын бақылады. Қазіргі уақытта нысанның ішкі жұмыстары жүргізілуде. Өңір басшысы ғимаратты осы жылдың соңынан қалдырмай аяқтауды, жұмыстарды жеделдетуді талап етті.
Қаражалдағы «Горняк» стадионының құрылысы да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Нысандағы жұмыстар аяқталу сатысында. Өңір басшысы стадиондағы көрермендерге арналған орынның әрлеу жұмыстарын сапалы, көрнекі түрде жасау қажеттігін алға тартты.
«Қылыш» су қоймасының қазіргі жағдайымен танысқан Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков аймақтағы жалғыз су қоймасының жекенің қолынан мемлекет меншігіне алу қажеттігін атап өтіп, аумаққа апаратын жолдың жөндеуден өту мәселесі де қарастырылатынын жеткізді.
Қаражал-Атасу бағытындағы 0-28 шақырымында жүргізіліп жатқан асфальт төсеу, көпір жаңарту жұмыстарын бақылаған облыс әкімі биылға қарастырылған қаражатты толық әрі сапалы игеру талабын қойды.
Сондай-ақ өңір басшысы Қаражал қаласының Ақтай шағынауданында салынған су құбыры желісімен танысты. Қазіргі уақытта 300-ге жуық тұрғынға тіршілік нәрін жөнелту үшін сорғы құрылғылар жаңадан орнатылған.