АЗАМАТ АЖАРЫ

Əрбір пенде үшін өзі адам болып келген дүниеден сол адамдық қалпына дақ түсірмей өтуден артық қандай мақсат, қандай арман болуы мүмкін?! Қызылды-жасылды мына өмірде үлкеннің алдында інілік ізетін бұзбай, кішінің алдында ағалық келбетіне кір түсірмей жүру оңай емес екені тағы аян. Десек те, ондай жандар да бар. Солардың бірі – біздің бүгінгі кейіпкеріміз, ақын, журналист, ұстаз Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.
Кез-келген ата-ана адам болса деп үлкен үмітпен өсірген баласының əуелі ат жалын тартып мінуін қалайды, содан кейін мінген арғымағының үстінде тақымы мығым отырғанын дұрыс көреді. Бүгінде есімін ел білетін, көпшілік қадірлейтін Ахат Құрмансейітұлы да осындай кезеңдерден өткені айқын…

ӨЗГЕ ЕМЕС, ӨЗІ АЙТАДЫ
«Біздің буын 60-тың ауылына ат шалдыра бастады. Сыртылдаған секундтар мен минуттар, сырғыған сағаттар мен жылжыған жылдар өз дегенін істейді… Бұл – ӨМІР атты көш-керуеннің өзгермес заңдылығы!
1981 жылы Жезқазған облысы, Ұлытау ауданы, Шеңбер совхозындағы №2 Қорғасын орта мектебін 29 ұл-қыз тəмамдаған едік. «Жазмыштан озмыш жоқ», сыныптастар арасынан əр кезеңде ортамызды ойсыратып, ажал аранына жұтылып кеткендер де бар. Топырақтары торқа болғай марқұмдардың. Ал, тірлігіне тəубе айтып жүргендердің алды (Гүлнар, Қоянбай, Қанипа) алты белесті бағындырып үлгерді.
Осындайда «Мұхтар Əуезов айтыпты…» – дейтін сөз еріксіз еске түседі. Əдебиетшілер мен ақын-жазушылар бас қосқан əлдебір жиында дара бітімді тұлғаға бір қаламгер інісі шақыру билетін ұсынып, «Аға, алпысқа толып жатырмын. Соны атап өтпекшімін, тойдың ортасында болыңыз» – деген сыңайдағы өтінішін білдірсе керек.
Сонда ұлы Мұхаң шақыру қағазын аударып-төңкеріп қарап тұрып, «Апырмай, бұрын 60-қа шалдар келуші еді. Енді бала-шаға да келе беретін болған ба?» – деген екен.
P.S. Көңіл шіркін əлі де, 40-тың төңірегінде…».

Бұл Ахаңның «Фейсбук» əлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған риясыз ойы. Өздеріңіз де ұққан боларсыздар, Ахат Құрмансейіт те биыл қазақ «талтүс» дейтін 60-тың асқарына шығып отыр.

ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУ ТІККЕН
Пенденің ойлағанының бəрі орындала кетсе, өмір де басқаша болар ма еді. Ахаттың да ə дегенде жолы бірден бола қойған жоқ. Он жылдықты бітірген соң С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне құжаттарын тапсырып еді. Абитуриенттің өлеңмен өрілген шығармасын оқыған қабылдау комиссиясы «Мына қалпыңа қарағанда сот болу сенің қолың емес-ау» деген тұжырым жасаса керек. Құжаттарын қайтып алған ол ауылына келіп, еңбек жолын шопандықтан бастады. Сол кездегі мектеп бітірген жастардың «еншісіне» тиетін бір ерекшелік – ауылда комсомол-жастар бригадасын құрып, еңбек ету еді. Ахат та «Таң нұры» комсомол-жастар шопандар бригадасының құрамында жылға жуық тер төкті. Одан кейінгі екі жылы Кеңес əскерінің қатарында өтті.
Осылардың бəрі кейін оның қызметтік жолында үлкен өмір мектебі болды. Одан сырт қалған жоқ. Олай дейтінім, Ахат əскер қатарынан келгеннен кейін Жезқазған қаласындағы педагогикалық институттың орыс тілі мен əдебиеті факультетіне оқуға түсті. Ауылда туып, ауылда өскен, ауыл мектебін бітірген адам үшіп, мұндай шешім қабылдау ерлікпен пара-пар еді. Шеңберде орыс ұлтының өкілі «емге» табылмайтынын ескерсек, «Ахат орысшаны қайдан үйренген?» деген заңды сұрақ туындары анық. Бұл сауалдың жауабы – оның əскерде болғаны. Əскери қызметін өтеген бөлімде өзінен басқа қазақтың болмағанына əуелде қапаланса да, орыс тілін біркісідей сауатты меңгеруіне сол күндердің пайдасы шаш-етектен екенін əлі айтып жүр. Айтып-айтпай не керек, ол туған ауылына орыс тілі мен əдебиеті пəнінің мұғалімі болып оралды. Сол кездері мектептің оқу ісінің меңгерушісі болған Жеңіскүл мұғалім Ахаттың сабағына кірген сайын оның орыс тілін жетік меңгергеніне, сол білгенін ауыл балаларына үйретудегі тың қадамдарына тамсана қарайтын. Ауылдың қарадомалақтары да Ахаттың сабағына бар ынта-ықыластарымен қатысатын. Егер сол жолда жүре берсе кім біледі, ауыл балалары орысшаға ағып тұрар ма еді. Мұғалімдік қызметі бір жылға жуықтағанда аудан басшылары оны совхоз комсомол ұйымына жетекшілік етуге алып кетті. Осылайша оның мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы басталды. Тоқсаныншы жылдардың басында аудандық комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімін басқарды. Араға сегіз айдай уақыт салып, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы лауазымына сайланды. Партия мен комсомол тараған кезде аудандық жастар ісі, спорт және туризм бөлімінен бастап, əкімдіктің қызметіне араласты. Аудан əкімінің орынбасары, Қарсақбай кентінің əкімі, аудандық білім бөлімінің басшысы сынды қызметтерді абыроймен атқарды.

КӨҢІЛ ТӨРІНДЕ – ҚАРАЖАЛ
«Əркімге өзінің туған жері – Мысыр шаһары» деген тəмсіл бар ғой. Солай екені солай. Бірақ, Ахат үшін көңіл төрінде Қаражал қаласына да орын бөлек. Кешегі оңтайландыру жылдары салған ойраннан кейін еңсесін тіктеп келе жатқан қазыналы өңірге алғашқыда жүрексіне барғаны əлі есінде. Тіпті, сол кездегі қала əкімі Ерболат Каргин мұны қаншама рет шақырып, əрең келтірген еді. Əуелі Қаражал қалалық «Қазыналы өңір» газетіне бас редактор болып барды. Кейін қала əкімінің орынбасары болды. Қазыналы өңірде он жылға жуық тұрды. «Мың қосшыдан – бір басшы» дегендей, осы он жыл ішінде Қаражал өңірінің жұртшылығы Ахатқа, ол болса Қаражалға əбден үйренісіп қалғаны соншалық, кейін Ахат қызмет бабымен Қарағандыға ауысқанда қимай қоштасты. Мұның бəрі, əрине, кезінде ұйымшылдықпен, ауызбірлікпен көптеген шаруалар үйлесімін тауып, тындырылып жатқанының арқасы еді.
Ахаттың іскерлігін қазыналы өңірдің жұртшылығы қалалық газеттің тізгінін қолына алған күннен-ақ байқады. Ол кезде аймақтық мерзімдік басылымдардың бəрі облыстық Ақпарат басқармасы мамандарының қолынан өтетін. Апта сайын, ай сайын газеттерде жарияланған тақырыптар, айдарлар қалт жіберілмей қаралып, ай соңында мұның бəрі əкімдердің рейтингіне кіретін. Міне, сол сараптауда «Қазыналы өңір» газеті облыстағы ең төменгі санатты газеттердің қатарында еді. Бір айдың ішінде газет түбірінен өзгеріп, жаңаша мазмұнда, сараптамалық мақалалары бар, айтар ойы айқын басылымға айналды. Оқырмандар да газетке көптеп жазыла бастады.
Кейін қала əкімінің ішкі саясат және əлеуметтік сала мәселелері жөніндегі орынбасары болып тағайындалғанда да Ахат өзін тың қырынан танытты. Қаладағы əлеуметтік салаға барынша терең талдау жасап, тығырықтан шығудың нақтылы жоспарлары түзілді. Іс ілгері басты. Елдің келешекке деген сенімі ұлғайды. Қала əкімі орынбасарының қабілет-қарымын аңғарып, оған экономика мен күрмеуі көп коммуналдық саланы үйлестіру міндеті қоса жүктелген кез де болды. Ахат оған «бұл қалай?» демеді. Шамасы жеткенінше алға сүйреді. Қарапайым халықпен етене жақын араласты. Кез-келген күрмеуі көп шаруа туындағанда Ахат «Бұл мəселе таяуда шешімін табады» десе, ел иланды. Өйткені оның айтқан сөзі мен істеген ісінде алшақтық болмайтынын əбден біліп алған қауым сенім артқан еді.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Ол əже тəрбиесін көріп өсті. Əкесі Құрмансейітті көзі көрген жоқ. Кешегі саптыаяқтың сабына қарауыл қойып көже ішкен қан кешу қасап заманда «халық жауы» атанып, ұсталып кеткен екен. Үлкендердің, əсіресе əжесінің көп айтатыны – «əкең турашыл, əділ, адал кісі болатын» деген сөздер ғана.
Əжесі Ахатты ес білгеннен қасына алып жүріп еңбекке баулыды, қойға дейін қырықтырды, үлкендердің алдын кесіп өтпеуге тəрбиеледі. Кейін осының бəрінің пайдасы тиді. Азамат ат жалын тартып мінген күннен бастап, сол əжесінің айтқан ақыл-кеңестері бұлжымас қағидаға айналды. Əжесінің атына, əкесінің атына кір келтірмеуге тырысты. Ол үшін əкеден, əжеден биік шың жоқ. Бүгінде өзі қандай биікке шықса да, ол үшін əке шыңы аласармайды. Солай тəрбиеленген. Əжесі əр кез «Сен Құрмансейіттің баласысың! Сондықтан да жаман болуға қақың жоқ» деп үйретіп отырды.
Ал Ахаңның өмірлік қосағы Тəслима да ұлдарына сол əжесінің тəрбиесін дарытқан секілді. Өздері ұрпақ өсіріп, өздері бір-бір үйдің егесі болып отырса да ұлдары əкенің рұқсатынсыз қия баспайды, əкенің батасынсыз іс бастамайды. Бұл – осы əулеттің жазылмаған өз заңы.
…Ел басқаратын жігіттің еңсесі биік келеді, əдетте. Сондай сирек қасиетті тағдыры бойына лайықтап берген, қашанда топ ортасынан суырылып шығып, көпті алға бастап жүретін азаматтың алпысы оның айбынына айбар қосып, ел ағасының биік дəрежесіне көтеріп тұр бүгінде. «Азамат, сені сақтадым!» деп келетін арнау да Ахатқа лайық секілді. «Бір күніме керек деп…» деген сенім кез келген жігітке айтыла бермес, сірə!

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.