Қазақстан Президенті мен Армения Премьер-министрі кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ пен армян достығы берік, сыйластығы жарасқан халықтар екенін атап өтті. 

– Армения – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы басты саяси және сауда-экономикалық серіктесінің бірі. Қазақ жұрты армян халқын ерекше қадірлейді. Оның терең тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарайды. Қазір Армения Қазақстан азаматтары көп баратын туристік елдің біріне айналды. Биыл қос халықты жақындастыра түскен айтулы оқиғалар болды: Арменияда алғаш рет Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Ереванда ұлы ақын және ағартушы Абай Құнанбайұлының құрметіне саябақ ашылды. Осы маңызды бастамаларға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге, құрметті Никол Воваевич, зор алғыс білдіремін. Мұны қазақ еліне деген ерекше ілтипатыңыз деп бағалаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Астана мен Ереван арасында барлық деңгейде ашық әрі сенімді саяси диалог қалыптасқан. Халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында тығыз, нәтижелі ынтымақтастық жолға қойылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылым-білім саласындағы ықпалдастығы дәйекті түрде дамып келе жатқанына тоқталды.

Сондай-ақ мемлекетаралық байланыстар конструктивті сипат алғанын әрі оны жақ-жақты кеңейтуге айтарлықтай әлеует бар екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы бүгін Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаратын тарихи құжатқа қол қойылатынын мәлімдеді.