Қазақстан Орталық Азияда алғашқы болып «Жасанды интеллект туралы» Заң қабылдады

Мемлекет басшысы Орталық Азиядағы алғашқы құжат болып табылатын «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз және тиімді дамытуға арналған заңнамалық негіздің қабылдануы – Қазақстанның цифрлық трансформациясындағы жаңа кезең. Заңның негізгі мақсаты – жасанды интеллекттің дамуын қамтамасыз етуге арналған құқықтық шеңберді айқындау және адам өмірінің сапасын арттыруға, экономиканың тиімділігін көтеруге бағытталған оны әртүрлі салаларға енгізуді ынталандыру.

Заң жобасын әзірлеу жөніндегі бастама Мемлекет басшысы алғаш рет Digital Bridge 2023 форумында жариялаған болатын. Президент сол кезде жасанды интеллектті пайдалану саласын реттейтін заманауи нормативтік базаны әзірлеуді тапсырды. Соңғы екі жыл ішінде Мемлекет басшысы жасанды интеллект технологияларын дамытудың мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдығы екендігін бірнеше рет атап өтті. Бұл бағыт биыл қыркүйекте халыққа жолданған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оларды цифрлық трансформация арқылы шешу» атты Жолдауда да ерекше көрсетілді.

Осылайша, жоғары технологияларды кеңінен енгізу мақсатында процестің барлық қатысушыларының құқықтары, міндеттері және жауапкершілігін реттейтін заңнамалық негізді қабылдау қажеттілігі айқындалды.

Бүгінде мұндай заң қабылдаған елдер саны аз. Олардың қатарында технологиялық дамуда көшбасшы саналатын Еуропалық Одақ, Канада және Сингапур бар. Ал Қазақстан өңірде бірінші болып жасанды интеллектіні этикалық, ашық және жауапты қолдану қағидаттарын, сондай-ақ адамның әл-ауқатын және оның шешім қабылдау еркіндігін басты басымдық ретінде заңнамалық деңгейде бекітті.

Заң нені реттейді?

Бұл Заң – Қазақстанда жасанды интеллект технологиялары мен жүйелерін пайдалану үшін бірыңғай құқықтық негіз қалыптастыратын базалық құжат. Заң 7 тараудан және 28 баптан тұрады.

Құжатта «жасанды интеллект», «жасанды интеллект моделі», «деректер кітапханасы», «ұлттық жасанды интеллект платформасы» сияқты негізгі ұғымдар бекітілген.

Заңда мемлекеттік реттеудің мақсаттары мен міндеттері айқындалған. Жасанды интеллект саласындағы қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеудің мақсаттары – жасанды интеллектті дамыту және оны адамның өмір сүру сапасын жақсарту мен экономикалық тиімділікті арттыру үшін түрлі салаларға енгізуді ынталандыру болып табылады.

Мемлекеттік органдардың, әзірлеушілердің, пайдаланушылардың және жасанды интеллект жүйелері иелерінің құқықтары мен міндеттері белгіленген. Сондай-ақ базалық құжат деңгейінде жасанды интеллект жүйелерінің құқықтық режимі жеткілікті көлемде сипатталған.

Осылайша, мемлекет елде қалыптасқан және әлемдік технологиялық прогресс аясында пайда болып жатқан жаңашылдықтарды реттеуге көшіп отыр. Мақсат – азаматтардың құқықтарын қорғау және сонымен қатар қоғамдық өмірдің барлық салаларында жаңа технологияларды дамытуды қолдау үшін жағдай жасау.