2025 жылы Қазақстан кәсіподақ қозғалысы өзінің 120 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл – еліміздің еңбек тарихындағы маңызды белес, жұмысшылардың құқықтарын қорғау жолындағы күрестің, ынтымақ пен бірліктің символы.
Кәсіподақтар алғаш рет ХХ ғасырдың басында пайда болып, жұмысшылардың еңбек жағдайын жақсарту, әділ еңбекақы алу және қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында құрылды. Кеңестік кезеңде кәсіподақтар әлеуметтік саясаттың маңызды құралына айналды, ал тәуелсіздік алғаннан кейін олар жаңа форматта дамып, еңбек нарығының өзгерістеріне бейімделе бастады.
Бүгінде еңбеккерлердің мүддесін қорғай отырып, әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеуде маңызды рөл атқарып отырған «Казцинк» ЖШС Кәсіподақ ұйымының бір бөлімшесі – «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш кәсіподақ ұйымы. Осы айтулы мерейтой аясында шамамен 2000-нан астам жұмыскері бар өндіріс ошағы кәсіподағының төрағасы Мүбәрак Кәрібаевпен сұхбаттасып, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы алтын көпірдің тыныс-тіршілігімен таныстық.
— Мүбәрак Рахманқұлұлы, өзіңіз басқарып келе жатқан кәсіподақ ұйымының қызметі мен мақсаты туралы айтып өтсеңіз.
— Кәсіподақтар – бұл тек еңбек құқығын қорғау ғана емес, сонымен қатар жастарды тәрбиелеу, әйелдердің құқықтарын сақтау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік әділеттілікті орнату жолындағы күрес. «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да екі мыңнан астам адам еңбек етсе, соның 99 пайызы кәсіподақ мүшесі. Біз олармен тығыз байланыстамыз. Ұжымдық келісімшарттағы әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктердің әділ бөлінуін де қадағалаймыз. Сонымен қатар, жастар саясатын, гендерлік теңдікті, ардагерлер мәртебесін, жұмыскерлер балаларының бақыты мен болашағын басты назарда ұстаймыз.
Қазіргі таңда кәсіподақ жанынан Жастар кеңесі, Ардагерлер кеңесі, «Өндіріс волонтерлері» қозғалысы, көп балалы аналар тобы, техникалық инспекторлар тобы құрылған. Олардың барлығы белсенді жұмыс істеп келеді.
— Осы кеңестер мен топтардың жұмысына тоқталсаңыз.
— Жастар кеңесі – өндірістің болашағы. Кеңес төрайымы Оксана Голубинская жас мамандарды біріктіріп, түрлі жобаларды жүзеге асыруда. Жақында жастар «Жұмысшы болсаң, мықтысың» атты форумға қатысып, жаңа идеялар әкелді.
Ардагерлер кеңесі де белсенді. Шамамен 400-ге жуық зейнеткеріміз бар, олармен WhatsApp арқылы тәулік бойы байланыстамыз. Жастармен бірге түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырамыз. Мысалы, Қарттар күніне орай скандинавиялық жүріс пен 70-жылдар дискотекасы өтті.
«Өндіріс волонтерлері» қозғалысы 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Олар аз қамтылған отбасыларға, көп балалы аналар мен қарттарға тұрақты түрде көмек көрсетеді. «Мейірімді аналар» тобы да өз қалтасынан қаржы шығарып, мұқтаж жандарға қолдау білдіреді.
Техникалық инспекторлар болса, өндірістегі қауіпсіздікті бақылап, тоқсандық нәтижелеріне қарай сыйақы алады. Бұл олардың мотивациясын арттырады. Ал балалар үшін лагерьлер мен түрлі сайыстар тұрақты өткізіліп тұрады.
— Мерейтой аясында қандай шаралар жоспарлануда?
— Қазақстан кәсіподағының 120 жылдығы аясында еліміздің барлық өңірінде мәдени-спорттық шаралар, ардагерлермен кездесулер, қайырымдылық акциялары, ғылыми-практикалық конференциялар өтуде. Біз де өз тарапымыздан «Әкем, анам және мен – спорт бізге бір әлем» атты отбасылық сайыс, жұмыскерлер балалары арасында «Қауіпсіз дөңгелек» конкурсын өткіздік. Сонымен бірге, кәсіподақ өміріне белсенді араласқан бірқатар жұмыскерлерді марапаттауды жоспарлап отырмыз.
Жалпы, кәсіподақ – жұмыскердің сенім артар тірегі. Бізге сенген еңбеккерлердің үмітін ақтау – басты міндетіміз.
— Әңгімеңізге рақмет. Мерекеңіз құтты болсын!
Қазақстан кәсіподағының 120 жылдығы – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағдар. Еңбек адамының қадірін арттыру – кәсіподақтардың басты миссиясы болып қала береді.
Өндірісіміз апатсыз, жұмыскерлеріміз жарақатсыз болсын!
Сұхбаттасқан Шағатай ТЕРЕКТІ