Елде өткізілген халық санағының соңғы мәліметіне сүйенсек, 124 ұлт өкілі өмір сүреді екен. Оның ішінде қазақтардың саны 69,6%, орыс ұлтының өкілдері 17,9%, өзбек ұлтының азаматтары 3,3% және басқа да ұлттар құрап отыр.
Осы факторды негізге ала отырып Қазақстан толерантты, бірлік пен берекені насихаттайтын саясатты ұстанып отыр. Қазақстанды қоныстанған көп ұлтты халқымыздың азаматтық, ашық, зайырлы, демократиялық саяси-экономикалық жағынан тəуелсіз қоғам орнатуға біркісідей жұмылған біртұтас Қазақстан халықтарының толеранттылығын, конфессияаралық жəне ұлтаралық келісімін, туысқандық бірлігі мен достығын одан əрі дамытып, нығайтуды көздеген Қазақстан халқы Ассамблеясы өз алдына қойған мақсаттарын абыройлы атқаруда.
Ел аумағында көптеген орыс, өзбек, ұйғыр тіліндегі ұлттық және аралас мектептер бар. Сонымен қатар, 50 мың мүшесі, ел аумағында 24 бөлімшесі бар «Лад» республикалық славян қозғалысы», «Русская община Казахстана» қоғамдық бірлестігі, «Славян мәдениет орталығы», «Орыс мектептерінің мұғалімдері Ассоциациясы», «Қазақстан орыстары мен славяндар Ассоциациясы» сынды қоғамдық ұйымдар еш кедергісіз жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, әр ұлттың діни еркіндігі заңмен қорғалған.
Бүгінгі таңда Қазақстан ұлтаралық жəне дінаралық келісім мен ымырагершілікті негізге алған 124-тен астам ұлт өкілдері мен 40-тан астам дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктердің отаны болып отыр. Қазақстан тəуелсіздік жылдарында бұл стратегияның өміршеңдігін көрсетіп, оның бүкіл адамзат қауымының дамуындағы халықтардың өзара қарым-қатынас мəдениетінің қазақстандық үлгісінің қажеттілігін танытты.
Халықтардың өзара қарым-қатынасы мəдениетінің қазақстандық үлгісі – бұл қоғамдағы шиеленістік, қақтығыстық жағдайды жеңу ғана емес, сонымен қатар, оның болашақта ұзаққа созылған қарсылық пен мəңгілік жек көрушілікке ұласып кетпеуінің алдын алу болып табылады.
Əлемдегі кез келген Қазақстан секілді көпұлтты мемлекеттің өзінің тұтастығы мен тəуелсіздігін сақтаудың негізгі шарттарының бірі – ол оның азаматтарының өзгелерден ерекше артықшылық пен үстем болып ұлтқа бөлінбей, бір қауымға, тұтас халық дəрежесіне біріктіру мəселесі алынады. Сондықтан да, Қазақстан билігі өз азаматтарының ұлттық ерекшелігін сақтай отырып, жалпы қазақстандық ұлт ұйытқысы және оның айналасында біріктіруші ұлттар дəрежесінде біріктіру саясатын ұстанған.
Қазақстан Республикасының Ата Заңында: «Тегiне, əлеуметтiк, лауазымдық жəне мүлiктiк жағдайына, жынысына, нəсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды» деп азаматтарының өз құқықтарын толығымен пайдалануына мүмкіндік жасаған.
Әлбетте, ортақ мүддеміз бен кемел келешегіміз үшін, ұрпағымыздың ұлтаралық және дінаралық келісім жарасқан, дамыған елде өмір сүруі үшін «Жаңа Қазақстанды» бірлесе құруымыз қажет. «Қазақстан – татулық пен достықтың киелі бесігі» дегендей, ұлттар мен ұлыстардың, адамдар мен адамдар арасындағы рухани үндестік қана кез келген ұлттың ұзақ сақталуын қалыптастырады. Әлем жаратылғалы бері сан мыңдаған ұлттар мен ұлыстар пайда болып, жоғалып жатты. Бұл үрдіс ғасырдан ғасырға көшкен кезде белгілі болмақ. Кезінде әлемді дүр сілкіндерген ұлы империяларда жоғалып кеткен. Ендеше «Мәңгілік ел» ретінде сақталып қалудың негізгі шарты — бірлік. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп дана бабамыз тегін айтпаған. Біз мемлекет құраушы ұлт ретінде өскелең ұрпақтың санасына өзіміздің ұлттық салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді, тарихымызды, тілімізді насихаттай отырып, өзге ұлттардың да тарихы мен мәдениетін, тілін сақтап қалуына мүмкіндік жасауымыз керек. Ырысы тасып, ынтымағы жарасқан елді ешкім ала алмайды. Даралық пен данышпандықтың бір шегі –сабырлылық. Сабырлылық тұрақтылыққа әкеледі. Бір шаңырақта өмір сүріп отырған ел ретінде құрмет, қадір сөздерін үнемі негізгі ұстанымымызға айналдыруымыз керек.
Зәмзагүл ОСПАНОВА,
қалалық мәслихаттың төрағасы.