Биыл біз Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойын атап өтудеміз. Бұл – тек ұйымның ғана емес, сонымен қатар, қоғамымыздың келісім, бірлік және өзара түсіністік жолындағы көп жылдық жетістіктерінің символы.
Қазақстан – көптеген халықтар мен мәдениеттердің ортақ шаңырағы. Мұнда 130-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде, олардың әрқайсысы біртұтас ұлттың ажырамас бөлшегі. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы уақыт ішінде достық, толеранттылық және өзара құрмет қағидаттарын нығайтуға ықпал етіп келеді.
Мен үшін бұл тақырып ерекше маңызды. Менің отбасым – ұлтаралық бірліктің айқын үлгісі: өзім – қазақпын, ал, жұбайым – орыс. Біздің отбасымыз – тек екі адамның махаббаты ғана емес, сонымен бірге, ұлттық айырмашылықтардың бізді бөлу емес, керісінше, байыта түсетінін көрсететін символ. Біз қызымызды екі мәдениеттің дәстүрлерін құрметтеуге, қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлеуге, ата-бабаларының мұрасын бағалауға және ашық болуға тәрбиелеудеміз.
Қаражал – шахтерлердің қаласы, рухы мықты, еңбекқор және бірлігі жарасқан жандардың мекені. Мұнда әрқашан ұйымшылдық пен өзара көмек жоғары бағаланған. Біздің қалада өсіп келе жатқан жастардың көпұлтты бірліктің құндылығын түсінуі өте маңызды. Біз, Жастар ресурстық орталығында жас буынның бойына патриоттық рух пен өзге ұлттардың дәстүрлеріне деген құрметті сіңіруге тырысамыз, оларды этносаралық қарым-қатынас мәдениетіне үйретіп, түрлі ұлт өкілдерін біріктіретін іс-шаралар ұйымдастырамыз.
Бүгін, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы қарсаңында, біз қоғамдағы бейбітшілік пен келісім тек мемлекеттік саясат қана емес, әрқайсымыздың жеке жауапкершілігіміз екенін есте ұстауымыз керек. Еліміздің болашағы – бір-бірімізге деген қарым-қатынасымыз бен балаларымызға қандай құндылықтарды үйрететінімізге байланысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы соңғы үш онжылдықта өзінің маңыздылығы мен тиімділігін дәлелдеді. Ол еліміздегі тұрақтылықты сақтаудың басты құралына айналды. Алдағы уақытта бізді жаңа міндеттер күтіп тұр, және мен сенемін – біз Қазақстанды одан әрі қуатты, бірлігі жарасқан және гүлденген елге айналдыра аламыз. Әр отбасында бейбітшілік, достық және өзара түсіністік орнасын!
Ақерке Степанченко,
Қаражал қаласының «Жастар ресурстық
орталығы»
КММ директоры.