Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру – ұлттық экономиканың басты тағыты

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында ауыл шаруашылығын ел экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде айқындап келеді. Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл еңбеккерлерін қолдау және өңірлердің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударуда. Бұл бағыттар Қаражал қаласы үшін де аса маңызды.

Президент Жолдауында ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғырту, өнімділікті арттыру және шағын әрі орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы ауылдық аумақтардың әлеуетін күшейту қажеттігі нақты атап өтілді. Осы міндеттерді іске асыру аясында Қаражал қаласында ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Жергілікті шаруа қожалықтары жаңа ауыл шаруашылық тракторларын, жүк тиегіш техникаларын, шаруашылыққа қажетті шөп шабатын тіркемелерін, шөп престейтін аппарат және мал емдеуге арналған фиксатор құрылғыларын сатып алып, материалдық-техникалық базаларын жаңартуда.

Қала аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Атап айтқанда, субсидиялау, жеңілдетілген несие беру, «Ауыл аманаты», «Агробизнес», «Іскер» сияқты бағдарламалар арқылы тұрғындардың кәсіп ашуына және өз ісін кеңейтуіне мүмкіндік жасалуда.

Бұл шаралар жаңа жұмыс орындарын ашып қана қоймай, қала экономикасының тұрақты дамуына ықпал етуде.

Президент Жолдауында айтылғандай, халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Осыған орай Қаражал қаласында жергілікті және көршілес Жаңаарқа ауданының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылады.

Жәрмеңкелерде өнімдер нарықтағы бағадан төмен ұсынылып, тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, Президент Жолдауында белгіленген міндеттер Қаражал қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы саласын дамытудың нақты бағдарын айқындайды. Алдағы уақытта да мемлекеттік саясатты тиімді іске асыра отырып, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, кәсіпкерлікті дамыту және қала тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады.

Марат САТАНОВ,
Қаражал қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы