Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының берекесі, ауылдың дамуының басты тірегі екені белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткен аптада Астанада ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІ форумы – осы саланың стратегиялық маңызын айқындаған ауқымды жиын болды. Президент өз сөзінде кәсіпкерлерді туған ауылын көтеруге шақырып, қайтарылған жерлерді тиімді игеру, цифрландыру, ирригация жүйесін жетілдіру, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру тәрізді басым бағыттарды атап өткен еді. Бұл тапсырмалардың мәні өңірлерде де кеңінен қолдау тауып жатыр.
Осы аптаның басында Ұлытау облысында «Гүлденсе ауыл – гүлденеді еліміз» атты облыстық аграрлар форумы өтті. Жиынға республика деңгейіндегі салалық мамандар мен өңірдің фермерлері, ауыл шаруашылығы саласының белсенділері қатысты. Іс-шара аясында «АгроQazaq: Техника. Өнім. Болашақ» көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар заманауи техниканың жұмысымен танысты.
Шара аясында «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының өңірлік кезеңіне қатысушылардың көрмесі де ұйымдастырылды. Онда жергілікті шаруашылықтардың табиғи азық-түлік өнімдері, халық тұтынатын тауарлары және ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.
Форумға қатысқан Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, бірқатар еңбек озатына марапаттар табыстады.
– Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға айрықша мән беріп отыр. Соның арқасында биыл біздің өңірге де айтарлықтай қолдау көрсетілді. Агроөнеркәсіп субъектілерін субсидиялауға 4,4 млрд теңге бөлініп, шамамен 780 шаруашылыққа нақты көмек көрсетілді. …Бұл жетістіктер біздің тұрақты дамуға деген сенімімізді нығайтады, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Форумда ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев, депутат Аманжол Әлтай, Қазақстан фермерлері қауымдастығының төрағасы Жигули Дайрабаев, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Алмат Саухимов сөз сөйлеп, саланың өзекті мәселелеріне тоқталды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз ауыл шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын жасауға кірістік. …Бұдан басқа, ісін жаңа бастап жатқан фермерлерге жер учаскесін рәсімдеуді жеңілдетеміз, – деді өз сөзінде Аманғали Бердалин.
Жиында фермерлердің түйткілді сұрақтары, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту, өндірістік процестерге цифрлық технологияларды енгізу секілді маңызды бағыттар талқыланды.
Форум жұмысы аграрлық сектордың даму мүмкіндіктерін айқындап, фермерлер арасында тәжірибе алмасуға жол ашты. Ауыл шаруашылығындағы жаңа үрдістер, мал және өсімдік шаруашылығындағы озық практикалар талқыланып, салаға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары нақтыланды.
Жалпы, Ұлытау өңірінде өткізілген бұл форум ауыл шаруашылығының болашағы үшін маңызды бастамалардың бірі болды. Себебі, ауыл дамыса – ел дамиды, ауыл өркендесе – экономика еңселенеді.
Ауыл – елдің тірегі
Ұлытау облысында өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумы өңірдің аграрлық әлеуетін жан-жақты саралап, келешекке бағытталған тың бастамаларға жол ашқан игі жиын болды. Форумға қатысқан Қаражал қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Сатанов та бұл шараның маңыздылығын ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, форум ауылшаруашылық саласына тың серпін беріп, өңірдің мүмкіндіктерін кеңінен танытуға ықпал етті.
– Ауыл шаруашылығы – елдің бүгінгі тіршілігі мен ертеңгі дамуының негізі. Форумның мақсаты да барды бағалап, үздіктерді дәріптеу ғана емес, саланы алға сүйрейтін жаңа жолдарды бірге талқылау, – дейді Марат Рахымжанұлы.
Марат Сатановтың айтуынша, Қаражал қаласында да ауыл шаруашылығы біртіндеп дамып келеді. Ағымдағы жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 4,9 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім байқалған.
Қала бойынша ірі қара – 8644 бас, қой-ешкі – 8540 бас, жылқы – 9395 бас, шошқа – 71 бас. Шаруашылықтар техника паркін жаңартуға ниетті. Биылдың өзінде 2 трактор, шөп престейтін аппарат, фиксатор құрылғысы сатып алынып, мемлекет тарапынан 30 пайыз субсидия төленген.
Қаражалда құс шаруашылығы да қолға алына бастады. «Даниял» жеке кәсіпкерлігі 2000 бас тауық әкеліп, қала дүкендерін жергілікті жұмыртқамен қамтып отыр. Бұл – импортқа тәуелділікті азайтудағы алғашқы қадам.
Форум аясында сала мамандары мал шаруашылығын дамыту, цифрландыру, суару жүйелерін жетілдіру, қолдан ұрықтандырудың жаңа бағдарламалары жөнінде тәжірибе алмасты. Бұл ұсыныстар өңірдің агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Марат Сатанов үшін форумның ең басты нәтижесі – өзара байланыс пен ортақ идеяның қалыптасуы.
– Төлеген Жамановтың «фермерлердің білгенінен білмейтіні көп» деген сөзі өте орынды. …Бұл форум ауыл шаруашылығының қазіргі тынысын көрсетіп қана қоймай, болашақ бағытын да айқындап берді, – деп қорытындылады бөлім басшысы.
P.S. Форум аясында бір топ еңбек озаттарына ҚР Премьер-министрінің Алғыс хаты, Мәжіліс төрағасының Құрмет грамотасы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің марапаттары, Ұлытау облысы әкімінің және «AMANAT» партиясының Алғыс хаты берілді. Олардың қатарында Қаражал-Жәйрем өңірінің де шаруашылық жетекшілері мен кәсіпкерлері бар. Келесі санымызда олар жайлы кеңінен жазатын боламыз.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
