«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымының басты мақсаттарының бірі – жұмыскерлердің қауіпсіз жұмыс атқаруы, жұмыс орындарының қауіпсіз және қолайлы болуы.
Сол мақсатта жан-жақты әрекет ететін «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы жанынан өндірістегі ауытқулардың алдын алу бағытында жұмыс істейтін техникалық инспекторлар тобы құрылғанын бұрыннан айтып жүрміз. Аталған топ өндірістегі ықтимал қатерлерді және ауытқуларды анықтап, арнайы жүйеге тіркеп, оларды қалпына келтіруге арналған шаралар мен жауапты адамдарды және орындалу мерзімін белгілейді. Сонымен қатар, анықталған барлық қауіптің тез арада қалпына келтірілуіне бақылау жасайды. Бұл жұмыстар ең бірінші жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етсе, екіншіден комбинаттағы еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникалары бойынша инженерлердің өндірістегі жұмыстарына көп көмектерін тигізеді.
Өндірістегі өз міндеттерін орындай отыра, адам өміріне қауіпті жайттарды анықтап жүретін инспекторлардың жұмысына айына және тоқсанына бір рет талдау жасалып, ең белсенді инспекторлар марапатталады. Айына 7 ауытқу анықтаған инспекторлар және тоқсанына ең көп ауытқу анықтау нәтижесі бойынша І, ІІ, ІІІ орын алған инспекторлар ақшалай сыйақылармен марапатталады. Анықталған ауытқулардың сапасына комбинаттың өнеркәсіптік және экологиялық басқармасының бастығы Нұржан Қадірсізов, бас энергетик Сағыныш Жарылғапов, қызметкерлермен атқарылатын жұмыс қызметінің басшысы Рауан Төлеубеков және кәсіподақ ұйымының қауіпсіздік маманы Меруерт Тайғабарова бақылау жасайды.
2024 жылдың ІV тоқсаны бойынша және жалпы жыл бойынша болған өндірістік кеңесте техникалық инспекторлар Ануар Жанайханұлы (полиметалл байыту фабрикасының жұмыскері), Есенжол Оразбаев (полиметалл байыту фабрикасының кран машинисі), Ербол Боликулов (электромонтер) марапатталды.
Кәсіподақ ұйымының төрағасы техникалық инспекторлардың жұмысына алғысын айтып, өзінің бірқатар ұсыныстары мен ескертулерін жеткізіп, өндірісшілерге жарақатсыз еңбек пен сәттілік тіледі.
Жәйрем комбинатында жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы дәнекер кәсіподақ ұйымы үлкен ұжымдағы тұрақтылықты да басты назарда ұстайды.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Жәйрем кен байыту
комбинаты» АҚ
Бастауыш Кәсіподақ ұйымы
төрағасының орынбасары.