Қауіпсіздік – әркімнің жауапкершілігі

Әр жылдың 1 наурызы – бүкіл әлемде Азаматтық қорғаныс күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн – қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын азайту жолында атқарылатын жұмыстардың маңыздылығын еске салатын ерекше дата.

Азаматтық қорғаныс – тек құтқарушылар мен арнайы қызметтердің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ ісі. Табиғи апаттар, техногендік төтенше жағдайлар немесе басқа да қауіп-қатерлер кезінде дұрыс әрекет ету – өмірді сақтап қалудың басты кепілі.

Азаматтық қорғаныстың негізгі міндеттері:
– төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын азайту;
– халықты қауіпсіздік ережелеріне үйрету;
– құтқару және эвакуациялау жұмыстарын ұйымдастыру;
– қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.

Азаматтық қорғаныс күні – тек мерекелік дата емес, қауіпсіздікке деген көзқарасымызды қайта қарап, өзімізді және жақындарымызды қорғау үшін білімімізді жетілдіретін мүмкіндік. Қауіпсіздік – әрқайсымыздың қолымызда.

Бұл күн табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіруге, сондай-ақ халықтың және азаматтық қорғау қызметтерінің дайындық деңгейін арттыруға бағытталған уақыт. Және жыл сайын түрлі ұрандармен аталып өткізіледі.

Ағымдағы жылы іс-шаралар «Азаматтық қорғаныс – халық қауіпсіздігінің кепілі» атты ұранымен өтуде.

Азаматтық қорғаныс күні аясында Қаражал қаласының мектеп оқушылары Өрт сөндіру бөліміне экскурсия жасады. Сонымен қатар білім беру мекемелерінде халықтың төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға дайындық деңгейін арттыруға бағытталған тақырыптық дәрістер мен ашық сабақтар, оқу-жаттығулар өткізілді.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды азаматтық қорғау саласында ақпараттандыру және оқыту мәселелеріне ерекше назар аударады.

Ербол УТЕСИНОВ,
Қаражал қаласы ТЖБ бас маманы,
азаматтық қорғау аға лейтенанты.