Ата Заң – ел болашағы

Қаражал қаласында ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың басын қосқан маңызды кездесу өтті. Қазақстан Республикасының Конституциясының жаңа жобасы қала жұртшылығы арасында жанжақты талқыланып, оның мазмұны мен мәні кеңінен түсіндірілуде.

Жаңа жоба кіріспеден (преамбула), 11 бөлімнен және 95 баптан тұрады. Енгізілетін түзетулер Конституцияның барлық бөлімін қамтып, 77 бапқа өзгеріс енгізуді көздейді. Бұл – қолданыстағы мәтіннің 84 пайызы жаңарып, заман талабына сай қайта қаралады деген сөз.

Осыған орай Қаражал қаласының Төтенше жағдайлар бөлімінде ұжым қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – Ата заңға енгізілетін өзгерістердің мән-маңызын түсіндіру, олардың ел дамуына қосар үлесін жеткізу және қызметкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдау болды.

Кездесуге ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қатысып, жобада қарастырылған негізгі жаңашылдықтарға кеңінен тоқталды. Сондай-ақ, жиынға Қаражал қалалық мәслихатының депутаты, «Қазыналы өңір» газетінің редакциясы» ЖШС директоры Жалғасқан Құрмансейітов қатысып, өз пікірін білдірді. Ол өз сөзінде Конституцияға енгізілетін өзгерістердің стратегиялық маңызына тоқталып, бұл қадам елдің тұрақты дамуына, құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Спикердің айтуынша, Ата заң – мемлекеттің берік іргетасы, ел бірлігінің кепілі.

Ұсынылып отырған түзетулер мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтауға, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға және азаматтардың саяси үдерістерге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту мәселесіне ерекше назар аударылған.

Жиын барысында Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, нақты ұсыныстарын білдірді. Қатысушылар өзгерістердің іс жүзінде қалай жүзеге асатынына, олардың әлеуметтік және құқықтық салаға ықпалына қатысты ой алмасты. Ақпараттық топ мүшелері әр сұраққа мазмұнды жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Кездесу ашық әрі еркін диалог форматында өтті. Бұл – қоғамдағы өзара сенім мен жауапкершіліктің айқын көрінісі. Себебі, Конституция – әр азаматтың тағдырымен, елдің ертеңімен тікелей байланысты құжат.

Жиын соңында қатысушылар Ата заңды жетілдіру – ортақ міндет екенін атап өтті. Өйткені, мемлекеттің болашағы – заңның үстемдігі мен әділдіктің салтанат құруына байланысты. Конституцияға енгізілетін өзгерістер – елдің берік дамуы мен жарқын келешегіне бастайтын маңызды қадам екені сөзсіз.

Жазира МҰХИДИНОВА