Бұл мереке – мұсылмандарға тиесілі екі құрметті мерекенің бірі. Сондықтан Ислам дінін ұстанып, оған үлкен құрметпен қараған әрбір мұсылман адам, Құрбан айт мейрамының маңыздылығына ерекше мән береді. Оны қарсы алу үшін үш күн бұрын тазаланып, дайындалады. Арапа күні, яғни, Айттан бір күн бұрын ораза тұтып, сол күні таң атқаннан күн батқанға дейін құлшылықпен өткізеді.
Биылғы жылы Айт мейрамында қауышқан жамағаттың көңіл күйі әдеттегіден өзгеше екені бірден байқалды. Алланың берекеті түскен бұл күні мешітте бас имам Марғұлан Балтабайұлы жамағатқа қасиетті Құрбан айт мейрамы жөнінде уағыз-насихат айтып, атаулы мерекемен құттықтады.
Қасиетті мейрамды асыға күтіп, қуанышпен қарсы алған Жәйремтұрғындарытаң намазынан кейін жүздері жадыраған күйде «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымының, жергілікті қалталы азаматтар мен мешіт жамағатының демеушілігімен ұйымдастырылған спорттық сайыстарды тамашалауға мешіт алаңына жиналды. Айттың алғашқы күніне белгіленіп, 2008-2013 жылдары туған балалар арасында қазақ күресі, ересектер арасында түйе балуан, кір тасын көтеру, арқантартыс, қолкүрес, садақ ату, қошқар көтеру сияқты ұлттық спорт түрлерінен өткізілген жарыстарды қызықтады.
Мешіт асханасында ас беріліп, жеңімпаздар марапатталды.
Айттың екінші күні қазақтың ұлттық ойындары тайжарыс, көкпар, аламан бәйге өткізілді. Ат спортын сүйетін жергілікті жұртшылықтың барлығы бәйгетөбеге жиналып, ауыл ақсақалдары жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Қыз балалар арасындағы Құранды мәнерлеп оқудан өткен сайыс және ерлер арасындағы шағын футболмен Айттың үшінші күні тәмамдалды.
Құрбандыққа 20 қой, 2 сиыр малы шалынып, 68 аз қамтылған отбасыларына таратылды.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.