Қаражал қаласында халықпен кері байланыс орнату және тұрғындардың өзекті мәселелерін жедел шешу мақсатында тұрақты түрде азаматтарды жеке қабылдау өткізіліп келеді. Өткен аптада қала әкімі Айқын Елеусізов осындай кезекті қабылдауды өткізді. Қабылдау «AMANAT» партиясының Қаражал қалалық филиалының базасында ұйымдастырылды.
Қабылдау барысында қала тұрғындары тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету және тұрмыстық сипаттағы түрлі мәселелер бойынша өз өтініш-тілектерін жеткізді. Әрбір өтініш жеке қаралып, жекелеген мәселелер бойынша әкім тарапынан жедел шешімдер қабылданды. Ал, қалған сұрақтар нақты мекемелерге жолданып, тиісті тапсырмалар жүктелді.
Айқын Елеусізов атап өткендей, азаматтарды жеке қабылдау – жергілікті атқарушы билік пен халық арасындағы ашық байланыстың маңызды тетігі. Мұндай диалогтар нақты проблемаларды дер кезінде анықтап, оларды тиімді шешуге жол ашады.
– Қоғамның сұранысын ескеріп, тұрғындардың пікірін тыңдау – қала әкімі ретінде менің тікелей міндетім. Сондықтан да, мұндай қабылдаулар тұрақты түрде өткізіліп келеді, – деді қала басшысы.
Бұл жолғы қабылдауда да тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер назардан тыс қалмай, бірқатары жедел шешімін тапты. Қалған сұрақтардың да аяқсыз қалмауына байланысты нақты шаралар қолға алынған. Жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы мұндай ашық әрі шынайы қарым-қатынас – өзекті мәселелерді кешіктірмей шешудің және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің кепілі екені сөзсіз.
Ізбасар ОЙБАС.