Жезқазған қаласында жаңғыртылып жатқан жолдардың сапасы енді бұрынғыдан да жақсара түспек. Оған қаламызда жаңадан ашылған асфальт-бетон зауыты зор ықпалын тигізетін болады.
Орайы келгенде айта кетейік, тұсауы кесілген кәсіпорын сағатына 160, жылына 200 мың тонна асфальт өндіреді деп отыр сала мамандары. Бұл – әлемдік стандарттарға сәйкес келетін, облыстағы тұңғыш заманауи асфальт зауыты.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы кәсіпорын облыс аумағындағы жол құрылысына сапалы өнім беретін бірден бір орын болатынын атап өтті.
– Біз биыл бір Жезқазғанның өзіне көшелер мен аулалардың жол құрылысы үшін 6.5 миллиард теңге қаражат бөліп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, осы жылы облыс орталығының 57 көшесі қамтылады. Оған қоса, Сәтбаев қаласының жолдары да сапалы өнімдерімізбен салынады деген сенім мол, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Кәсіпорында қазіргі уақытта 16 адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта 60 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар. «Самға» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Батырбек Битасов аталған зауыттың өзгелерден ерекшелігі – өндірілген өнімнің фильтрлеуден өтетіндігінде, экологиялық тазалығында екенін жеткізді.
Айта кетейік, жаңа зауытты салу «Самға» ЖШС бастамасымен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры және «Халық» банкінің жартылай қолдауы арқылы жүзеге асты.
Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ