Аса маңызды қадамды таңдау

Қаражал қаласында діни сауаттылықты арттыру мақсатында арнайы семинар ұйымдастырылды. Бұл шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры, танымал теолог Мақсатбек Қайырғалиев арнайы келіп, қала тұрғындары, жамағат және мекеме қызметкерлерімен кездесу өткізді.

Семинар барысында дін мен дәстүр, рухани құндылықтар, ізгілік пен қайырымдылықтың маңызы, дәстүрлі ислам қағидалары сынды бірқатар өзекті тақырыптар қозғалды. Жиналған қауым көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Сонымен қатар, ақпараттық-түсіндіру тобының белсенді мүшелеріне арнайы сертификаттар табысталды. Бұл игі бастама қоғамда діни сауаттылықты арттырып қана қоймай, тұрғындардың рухани сұранысын қанағаттандыруға бағытталған маңызды шара болды.

Осы орайда біз де белгілі теологпен сұхбаттасып, көкейде жүрген бірнеше сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік алдық.


– Таблиғи жамағат діни ағымы деген кімдер? Олардан келетін қауіп қандай?
– Таблиғи жамағат – ислам дінін насихаттау мақсатында Үндістанда 1926 жылы Мұхаммед Ілияс Кандаһләуи негізін қалаған діни қозғалыс. Бастапқыда бұл жамағат исламды қарапайым әрі түсінікті жолмен жеткізуді көздеді.

Алайда уақыт өте келе, олар өз қағидаларынан алыстап, оқшаулануға бет бұрды. Өздеріне қосылмаған адамдарға басқаша көзқараспен қарап, келіспеушілік таныта бастады.


– Бұл жамағаттың өкілдері басқа жамағаттардан несімен ерекшеленеді? Қауіпті тұстары қандай?
– Ең қауіпті тұсы – отбасынан ажырау. Жамағат мүшелері дінді насихаттау үшін отбасынан, жақындарынан бас тартып, тек жамағат ішінде өмір сүруге көшті. Бұл олардың қоғамнан оқшаулануына, жабық құрылымға айналуына алып келді.

Сондықтан Қазақстанда 2013 жылы Таблиғи жамағат экстремистік ұйым деп танылып, оның қызметіне заңмен тыйым салынды.


– Оңалту барысында отбасы немесе қоғамның рөлі қандай?
– Радикалданған адамды қоғамға қайта бейімдеу – аса күрделі процесс. Олар ұзақ уақыт бойы біржақты ақпарат алып, басқа көзқарасты қабылдамайтын жағдайға жетеді.

Мұндай кезде отбасының қолдауы, қоғамның түсінігі мен қамқорлығы маңызды рөл атқарады. Егер оларды шеттетсек, олар бұрынғы ортасына қайта оралуы мүмкін. Сондықтан, қоғам оларды қабылдап, жаңа өмірге бейімделуіне жағдай жасауы керек.


– Радикалданған адамдармен жұмыс істеуде арнайы тәсілдер бар ма?
– Бұл бағыттағы нақты әдістер ішкі құжаттарға байланысты болғандықтан, толық мәлімет беру мүмкін емес. Дегенмен, жалпы тәсіл ретінде біз оларды мешіт жамағатымен араласуға шақырамыз, жеке кездесулер ұйымдастырамыз, дінге қызығушылығын оятуға тырысамыз.


– Дінге енді бет бұрған адамға қандай кеңес бересіз?
– Ең алдымен, ақпаратты тек мамандардан алу керек. Діни сұрақтар бойынша имамдар, теологтар немесе ҚМДБ өкілдеріне жүгінген жөн.

ҚМДБ-ның ресми сайттарында шариғатқа қатысты сенімді ақпараттар, пәтуалар мен уағызшылар тізімі жарияланған. Сонымен қатар, ҚМДБ 24/7 жұмыс істейтін арнайы желі ұйымдастырған, сол арқылы да нақты әрі дұрыс жауап алуға болады.

Дін – өте нәзік сала. Сондықтан, кездейсоқ адамдардан немесе бейресми дереккөздерден емес, сенімді ақпарат көздерінен кеңес алу – адаспауға көмектеседі.


– Мағыналы сұхбатыңызға көп рақмет!

(Сұхбаттың толық нұсқасы «Қазыналы өңір» газетінің 5 сәуір, 2025 жыл
№13 (1251) санында.

Сұхбаттасқан: Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ