15 қарашада елімізде Ұлттық валюта – Теңге күні. Дәл осы күні қаржы саласының қызметкерлері де өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді. Бұл күн – ел экономикасының іргетасын берік ұстап тұрған жауапты сала мамандарының қажырлы еңбегін бағалайтын ерекше мереке. Мемлекеттік бюджетті тиімді жоспарлап, әрбір теңгенің орнымен жұмсалуын қамтамасыз ететін қаржыгерлердің еңбегі ел дамуының тұрақтылығын айқындайды. Осы орайда біз Қаражал қалалық қаржы бөлімінің басшысы, ҚР Қаржы саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Нұргүл Әбдірахмановамен сұхбаттасқан едік.
– Нұргүл Жолшыбекқызы, ең алдымен сізді кәсіби мерекеңіз – Қаржы саласы қызметкерлері күнімен және Республика күні қарсаңында «Құрмет» орденімен марапатталуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл марапат – сіздің көп жылғы еңбегіңіздің жемісі деп түсінеміз.
– Рахмет. Әрине, еткен еңбектің әділ бағасын алғаннан артық қуаныш бар ма?! Бұл марапат менің ғана емес, тұтас ұжымның мемлекет қаржысын ұқыпты басқарудағы табандылығының, жауапкершілігінің айғағы.
– Ендеше осы күнге дейінгі еңбек жолыңыздың негізгі кезеңдерін еске түсірсек, қай сәттер ерекше есте қалды?
– Әр адамның еңбек жолы – оның өмір мектебі. Жалпы, менің еңбек жолым 1984 жылы Жезді ауданында басталған еді. Кооператив техникумын бітіріп келген соң аудандық тұтынушылар қоғамында бухгалтер болдым. Сол жылдарда маған қатты әсер еткені партияның ықпалы күшті болып тұрса да құжаттардың, жиындардың қазақ тілінде өтетіні. Бұл кеңестік идеологияға қарсы еді. Соған қарамастан қазақ тілінің бірінші орында тұруы маған рух беріп тұратын. Мені сондай бір мақтаныш сезім билейтін. Осы жағдай менің есімде қалды.
Кейін кәсіби тағдырым еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен тұспа-тұс келді. Ол кезең ел экономикасының жаңа бағытқа бет бұрып, қаржы жүйесінің қайта құрылып жатқан күрделі уақыты еді. Сол шақта бар қиындыққа қарамастан, мемлекет мүддесі үшін еңбек етуді өзімнің азаматтық борышым деп санадым. Сол жылдардағы қаржылық дағдарыстан шығу өте қиын болды. Бірақ, біз бар күшімізді сол дағдарысты еңсеруге жұмсадық. Жаңа жобалар, жоспарлар жасадық. Осындай кезеңде әрбір сәт, әрбір тәжірибе мен үшін қымбат болды. Сол жылдар маған төзімділік пен табандылықты үйретті.
– Қаржы саласына қалай келдіңіз? Бұл мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?
– Менің ата-анам педагогтар еді. Сондықтан болар, отбасымда еңбек пен тәртіпке үлкен мән берілді. Математика мен есепке деген қызығушылығым мектеп кезінен байқалды. Қаржы саласы – дәлдік пен жауапкершілікті талап ететін сала. Сол себепті, мен үшін бұл мамандықтың мәні ерекше болды. Ал, оған бет бұруыма Гүлнар апайым ықпал етті-ау деймін. Ол кісі білікті бухгалтер еді. Кооператив техникумын бітірген соң аз ғана уақыт тәжірибе жинақтап, содан соң өзім қалаған жолмен еңбекке араластым.
– Еңбек жолыңыздың алғашқы баспалдақтары мен тәжірибеңіз туралы айтып өтсеңіз.
– Әлігінде айтып өттім ғой, мен еңбек жолымды 18 жасымда бастадым. Алғашқы еңбек жылдарым есепші қызметінен басталды. Сол кезден бастап қаржылық тәртіпті сақтау, есептілік мәдениетін қалыптастыру мен үшін басты қағидат болды. Уақыт өте келе Кооперативтік институттың экономист мамандығын оқып алдым. Қаржы саласында финансист, экономист болып көп жыл еңбек еттім. Басшылық қызметке дейін жеттім. Әрбір сатыда алған тәжірибем мені шыңдап, бүгінгі деңгейге жеткізді. Қала әкімінің орынбасары болған уақыттарым да бар. Мұның бәрі менің еңбек жолымның баспалдақтары. Осы жолда өз еңбегімнің бағасын да алдым. Бірінші ұлттық ауыл шаруашылығы санағын жүргізуге қатысып, арнайы төсбелгімен марапатталдым. Басқа да марапаттарым аз болған жоқ.
– Сіздің көзқарасыңызда нағыз қаржыгердің басты ұстанымы, өмірлік қағидаты қандай болуы керек?
– Қаржыгер ең алдымен әділ, адал және жауапты болуы тиіс. Қаржы – ел дамуының өзегі. Сол себепті, оны тиімді әрі таза басқару – кәсіби міндет қана емес, азаматтық парыз. Өзім әрдайым Абайдың «Еңбегіңді адал қыл, сонда ғана берекесін көресің» деген сөзін өмірлік ұстаным етіп келемін.
– Қаражал қалалық қаржы бөлімінің бүгінгі қызметі жайында қысқаша айтып өтсеңіз. Бөлімнің негізгі бағыттары мен міндеттері қандай?
– Біздің бөлім қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған барлық қаржы ағындарын үйлестіреді. Негізгі міндет – бюджетті тиімді жоспарлау, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету және қаржы тәртібін сақтау.
– Соңғы жылдары қала бюджетін тиімді жоспарлау, қаржыны басқару бағытында қандай жетістіктерге жеттіңіздер?
– Соңғы жылдары қалалық бюджеттің өсімі артты, кіріс ұлғайды. Бұл бағытта облыс басшылары тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау, көмекті де ерекше айтып өту ләзім. Сонымен қатар, цифрландыру үдерісін енгізу арқасында есеп-қисаптың ашықтығы күшейді.
Бюджет кірісін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілді. Қаланың өз кіріс базасы кеңейді, инвестициялық жобаларға қаржы тарту ісі жолға қойылды. Осы орайда мен Жәйрем кен байыту комбнатының байыту фабрикасын ерекше атап айтқым келеді. Фабриканың ашылуы өнім өндірісін ұлғайтты. Салыққа түсетін кіріс көлемі де молайды.
Осылардың бәрін тиімді жоспарлаудың нәтижесінде қаланың архитектуралық келбеті келісе түсті. Жолдар, саябақтар жаңарып, әсем демалыс орындары ашылды. Тұрғын үйлер жаңғыртылып, баспанамен қамту жұмысы жүйелі жолға қойылды. Қалада ауыз сумен қамту, кәріз желілерін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Жаңадан балалардың ойын алаңдары, спорт алаңдары пайдалануға берілуде. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары 100 пайызға жуық орындалды. Осылайша қаладағы ұзақ жылдардан бері шешімін күтіп келе жатқан маңызды мәселелер шешімін тауып жатыр.
– Қаражал қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қаржы бөлімінің қосып отырған үлесін қалай бағалар едіңіз?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, қаржы бөлімі – қаланың экономикалық жүрегі. Әрбір жаңа нысанның, жол мен инфрақұрылымның жөнделуі – қаржылық жоспардың нәтижесі. Біз бөлінген әр теңгенің мақсатты жұмсалуына жауаптымыз. Сондықтан, «қаржыгердің еңбегі – елдің өркендеуіне қосқан үлесі» деп толық айтуға болады.
– Қаржы тәртібін нығайту мен ашықтықты қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Бұл бағытта басты назар цифрлық басқаруға аударылып отыр. Бюджет жобалары, шығыс сметалары мен есептер электрондық форматқа көшірілді. Қоғамдық бақылау тетіктері де күшейтілді. Ашықтық – сенім кепілі.
– Ұлттық валютамыз — теңгенің айналымға енгізілгеніне биыл 32 жыл толып отыр. Сол тарихи кезең сіздің есіңізде қалай сақталған?
– Иә, теңгенің айналымға енуі шын мәнінде тарихи сәт. Теңге – Тәуелсіздіктің ең айқын нышаны. 1993 жылды жақсы есімде сақтадым. Ол уақытта экономикалық тұрақсыздық кезеңі еді, бірақ теңге енгізілген сәт халыққа сенім мен жаңа үміт сыйлады.
Жалпы, еліміздің барлық аймақтарындағы сияқты теңге алғаш айналымға енген жылдары Қаражал қаласында елеулі экономикалық өзгерістер байқалды. Әуелде қиындықтар көп болды. Баға тұрақсыз, нарық енді ғана қалыптасып жатқан шақ. Дегенмен, уақыт өте жаңа валюта ел экономикасын дербестендіріп, жаңа мүмкіндіктер ашты.
– Жалпы, ұлттық валютаның тұрақтылығы мен ел экономикасының дамуы арасында қандай байланыс бар деп ойлайсыз?
– Теңге – экономикалық тәуелсіздіктің негізі. Валютаның тұрақтылығы – инвестиция мен өндіріс дамуының кепілі. Теңгенің тұрақтылығы – еліміздің қаржы саясатының тиімділігі мен Ұлттық Банктің сауатты шешімдерінің нәтижесі.
Экономистердің пікірінше, теңгенің беріктігі тек ақша бағамымен емес, экономиканың нақты секторындағы даму, инфляция деңгейі және халықтың ұлттық валютаға деген сенімімен өлшенеді. Теңге – тек айырбас құралы емес, ұлттық сана мен егемендік символы. Әр азамат өз валютасына құрметпен қараса, мемлекет те соғұрлым мықты болады.
Сонымен қатар, теңгенің тұрақтылығы ел экономикасының дамуына, ішкі өнімнің артуына да зор ықпалын тигізеді. Жұмыссыздық деңгейі төмендейді. Сондықтан, ұлттық валютаны қорғау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
– Қаржы саласында табысты еңбек ету үшін маман бойында қандай қасиеттер болуы тиіс?
– Біріншіден, адалдық пен тәртіп. Екіншіден, ұқыптылық пен аналитикалық ойлау. Үшіншіден, өз ісіне сүйіспеншілік. Себебі, қаржы саласы – тек сандар емес, ел тағдырына әсер ететін сала.
– Бүгінгі жастардың қаржы-экономика саласына қызығушылығы туралы не айтар едіңіз?
– Қазіргі жастар білімді, ізденімпаз. Көпшілігі цифрлық технологияларды жақсы меңгерген. Сол артықшылықты дұрыс бағытта пайдаланып, елдің дамуына үлес қосса деймін.
– Алдағы уақытта Қаражал қалалық қаржы бөлімінің жоспарлары қандай бағытта?
– Алдағы кезеңде біз бюджеттік процестерді толық автоматтандыруды, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыруды көздеп отырмыз. Қаржының әр тиыны ел игілігіне жұмсалуы – басты мақсат. Қаланың 2026 жылға арналған бюджеті де осы бағытта жоспарланған. Мақсат – соны игеру, орындау, жүзеге асыру.
– Соңында әріптестеріңіз бен жас мамандарға кәсіби мереке қарсаңында қандай тілегіңізді білдірер едіңіз?
– Барша әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңіз жемісті, табыстарыңыз тұрақты болсын! Әр күніңіз ел игілігіне бағытталған адал қызметпен өрілсін! Ал жас мамандарға айтарым – елдің ертеңі сіздердің қолдарыңызда. Адал болыңыздар, жауапты болыңыздар, сонда еңбектің де, өмірдің де берекесін көресіздер.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан: Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ
