Арыз-шағымыңыз аяқсыз қалса

Әңгімемізді бастамас бұрын әуелі «ҚС және АЕАК» дегеніміз не, осыны ашып айтып берейін. Осыдан 25 жыл бұрын елімізде Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті (ҚС және АЕАК) құрылған болатын. Аталмыш құзырлы мекеменің басты жұмысы құқық қорғау органдарының және мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін қадағалау, кез келген құқық бұзушылықты саралап, сараптап отыру мен тиісті шаралар қолдану.

Жуырда, Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Ұлытау облысы бойынша басқармасы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен баспасөз мәслихатын өткізді. Онда, жаңа облыста құрылған басқарманың төрт айда атқарған жұмыстары жан-жақты әңгіме болды.

Брифингте облыстық басқарма бастығы Сәкен Ыдырыс пен орынбасары Ерлан Таймурзинов жалпы қылмыстың, оның кейбір түрлерінің жағдайы, әкімшілік тәжірибе, жеке және заңды тұлғалардың өтініш білдіру есебі, қызмет көрсету орталығы арқылы азаматтарға ұсынылған мемлекеттік қызметтер, тіркеу және тексеру есебі саласындағы заңнамалықтың сақталуы туралы мәселелерге жан-жақты тоқталып, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сәкен Олжабайұлының айтуынша, қадағалау және бақылау органдары тексерістерін есепке алу және үйлестіру бағыты бойынша 30 мониторинг жүргізіліп, нәтижесінде 63 заң бұзушылық анықталған. Бұл бағытта субъектілер атына 7 заң бұзушылықты жою туралы ұсыну енгізіліп, 2 тәртіптік өндіріс және 1 әкімшілік өндіріс қозғау туралы қаулы шығарылған. Нәтижесінде 22 қызметкер жауапкершілікке тартылыпты.

– Тексерістің бірыңғай жүйесі бойынша азаматтық салада 463 тексеру тіркеліп, 25 тексеруді, оның ішінде жеке кәсіпкерлерге қатысты 22 тексеруді тіркеуден бас тартылды. Осылайша заңсыз тексерулерге жол берілген жоқ, – дейді басқарма бастығы.

Басқарма бастығының орынбасары Ерлан Мұратханұлы берген ақпаратқа қарағанда бірыңғай сотқа дейінгі зерттеу реестрі бойынша 785 қылмыстық іс тіркеліп, оның 99-ы сотқа жіберілген. Тіркелген қылмыстық істердің ішінде азаматтардың жеке мүлкіне қол сұғу жоғары деңгейде тұр. Қылмыстың бұл түрі бойынша 257 іс тіркелсе, оның 145-і Жезқазған қаласына, 77-сі Сәтбаев қаласына тиесілі. Бұдан кейінгі орындарда Жаңаарқа ауданы (14) мен Қаражал қаласы (13) тұр.

– Жеке мүлікке қол сұғу қылмысында бірінші орында қалта телефондарын ұрлау тұр. Ұлытау облысы бойынша 4 айда мұндай 60 факт тіркелді. Сондай-ақ, мал ұрлығы да бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда. Бір ғана Жаңаарқа ауданында 10 бас мал қолды болса, Жезқазған қаласы бойынша 3, Ұлытау ауданы бойынша 2 мал ұрлығы фактісі тіркелді.

Өңірімізде жасөспірімдердің тарапынан жасалған қылмыстық оқиғалар да орын алып отыр. Бүгінгі күні мұндай 16 қылмыс тіркелсе, оның төртеуі ауыр, алтауы өте ауыр қылмыстар. Қазір жасөспірімдер тарапынан жасалынатын қылмыстар құқық қорғау органдарының қатаң бақылауында, – дейді Ерлан Таймурзинов.

Брифингте құзырлы орган басшылары құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің қолданып отырған жаңа модульдері жайлы да жанжақты түсіндіріп өтті. «Қылмыстық істерді электронды форматта қарау тергеушінің жұмысын жеңілдетеді. Сондай-ақ, қылмыстық істі жүргізу процесін жеделдетеді. Процеске қатысушылардың құқықтарын толықтай қамтамасыз етеді. Ал прокурордың жаңа форматтың көмегімен жағдайды толық бақылауда ұстап, орын алған қандайда бір заң бұзушылыққа жедел түрде әрекет етуге мүмкіндігі бар», – дейді олар әңгіме барысында.

Сондай-ақ, Бас прокуратура «Әкімшілік өндірістің бірыңғай тізілімі» модулін де әзірлеп, іске қосқан. Бұл да әкімшілік істерді электронды форматта жүргізуге мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекеттік орган қызметкерлерінің уақыты мен күші үнемделеді. Сондай-ақ, тұрғындар басы артық шаруалардан арылып, прокурорлар онлайн режимде қадағалау жүргізе алады.

P.S. Сонымен, бір сағаттан артық болған брифингтен ұққанымыз, облысымызда жаңадан құрылған басқарманың құзыры зор, қызметі ауқымды екен. Құқық қорғау органдары болсын, мемлекеттік органдар болсын, тіпті мемлекеттік ұйымдар болсын сіз бен біздің құқымызға қайшы келетін әрекеттерге барса, өтінішіміз бен, шағымымыз қаралмай жатса, кез келген орын алған заңға қайшы әрекеттер жайлы қаққан дабылымыз ескерусіз қалып жатса Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің басқармасына қоңырау шалыңыз.