Қарияларын құрметтеген ел – қазыналы ел. 1 қазан – тек күнтізбедегі дата ғана емес, бұл – өмірдің сан қилы белестерінен өткен, маңдайына уақыттың таңбасы түскен, жүрегінде мейірім мен даналықтың ізі қалған қарттарымызға деген тағзым мен алғыс күні. Бұл – кешегі тарихтың тірі куәгерлері, бүгінгі тәлімнің үлгісі болған қарияларға ерекше көңіл бөлініп, құрмет көрсетілетін күн. Жыл сайын аталып өтетін бұл мереке – ұрпақтар сабақтастығының символы, адамгершілік пен рухани мұраның алтын көпірі. Қарттар – елдің шежіресі, отбасының берекесі, ал олардың өмір жолы – кейінгі буын үшін таусылмас тағылым, сарқылмас сабақ.
Осы атаулы датаға орай Қаражал қаласында «Қарттарым – асыл қазынам» атты салтанатты кеш өтіп, ардақты қарттарымызға деген ерекше құрмет көрініс тапты. Ізгілік пен ілтипатқа толы мерекелік кеш қаламыздағы мәдени-сауық орталығының мәрмәр залында ұйымдастырылды. Бұл күн – саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған ақ сақалды қариялар мен ақ жаулықты аналарға деген шынайы алғыс пен тағзым күніне айналды.
Іс-шара шымылдығын қала әкімі Айқын Елеусізов ашып, ардагерлерге арналған жүрекжарды құттықтауын жеткізді. Ол өз сөзінде елдің әлеуметтік-экономикалық, рухани дамуына үлес қосқан аға буын өкілдерінің еңбегіне тоқталып, бүгінгі ұрпақтың оларға бас иетінін ерекше атап өтті.
Салтанатты жиын барысында ел мүддесі жолында аянбай еңбек еткен бірқатар ардагерлер мемлекеттік және қоғамдық марапаттарға ие болды. Атап айтатын болсақ, Мереке Жұманбаева – «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісі» төсбелгісімен, Әбдірәсіл Рахым – Ардагерлер ұйымының жұмысына сіңірген еңбегі үшін Құрмет грамотасымен, Жайнагүл Ұзақова – Ұлытау облысы Ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен, Владимир Бойков – облыстық ардагерлер кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жылы лебіз, құрмет пен қошеметке бөленген ардагерлер сахнада естелік суретке түсіп, кештің сәнін келтірді. Сонымен қатар, қала әкімінің атынан барша қарияларға естелік сыйлықтар табысталды. Кештің көркемдік бөлімі де көңілден шықты. Өнерпаздарымыздың әрбір әні мен биі залдағы көрермендердің жүрегіне жол тартты.
Концерттік бағдарлама соңынан ардагерлер арасында дартс пен дойбыдан жарыс ұйымдастырылды. Бұл – қарияларымызға деген құрметтің тағы бір жарқын көрінісі болды.
Бұл кеш – Қаражал жұртының үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін ұлттың асыл қасиетін дәріптеген тағылымды шара ретінде тарих қойнауына жазылды. Қарттарын қадірлеген ел ешқашан тозбайды. Ата жолын ардақтаған, ақылына жүгінген елдің іргесі әрқашан берік болары анық.
Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ