Қаражал қаласында Қарттар күніне орай ерекше жылылыққа толы мерекелік шара ұйымдастырылды. Іс-шара «AMANAT» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында өткізілді. Мақсат – өмірін елдің дамуына арнап, өнегелі ғұмыр кешіп келе жатқан қарттарға құрмет көрсету, олардың қоғамдағы беделі мен орнының биіктігін айқындау еді.
Шараға қала әкімі Айқын Елеусізов қатысып, қаланың өркендеуіне өз үлесін қосқан ардақты ардагерлерді құттықтады. Әкім өз сөзінде ардагерлердің еңбегі мен өмірлік тәжірибесінің жас ұрпақ үшін үлгі екенін атап өтіп, бірқатар қарияларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Мерекелік кештің көркі – концерттік бағдарлама болды. Көпшілік сүйіп тыңдайтын әндер шырқалып, көңілді сәттерге толы концерт қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, ардагерлер арасында дойбыдан жарыс ұйымдастырылып, үлкендер өз шеберлігін көрсетіп, нағыз бәсекелестік рухын танытты.
Іс-шара соңында әуезді әуенге толы би кеші өтті. Қатысушылар шаттық пен мейірімге бөленіп, зал ерекше жылулық пен құрметтің ордасына айналды.
Мұндай игі бастамалар ардагерлерге деген алғыстың, ұрпақтар сабақтастығының және қоғамдағы ізгі дәстүрлердің айқын көрінісі болып табылады. Қаражал қаласында өткен бұл мереке қарттарға деген қамқорлықтың шынайы үлгісі болды.
Аманкелді АҚШАЛ