Арнайы мақсаттағы дәрігер

Медицина – адамды емдесе, ветеринария саласы – адамзатты емдейді. Өмірде ауырмайтын адам жоқ екені бәрімізге белгілі. Дәл солай үй жануарлары адамдар сияқты денсаулықтары сыр беріп, ауырады. Олар сондай-ақ, дәл адамдар секілді күйзеліске ұшырауы мүмкін, аллергиядан зардап шегуі, улануы немесе инфекция жұқтыруы мүмкін. Оның арнайы дәрігері – ветеринар.

Ветеринардың негізгі міндеті – ауруды дұрыс диагностикалауды, емдеудің оңтайлы курсын тағайындауды және профилактикалық кеңес беруді қамтитын зақымданған жануарға сапалы және уақытылы медициналық көмек көрсету. Дәл осы құрметті мамандық иелерін биылдан бастап, яғни, 10 шілде күні елімізде «Ветеринария қызметкерлері күні» деп белгіленіп, мерекелене бастады. Жаңа мереке жануарлардың денсаулығы мен жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баға жетпес үлес қосатын ветеринарлық мамандардың еңбегінің маңыздылығын атап өтуге арналған.
Біздің өңірдің ветеринариясы жайлы сөз қозғайтын болсақ, Қаражал өңірінде осы салада ұзақ жылдар еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан және қазіргі таңға дейін еңбек етіп жүрген бірнеше мамандар бар. Олардың ішінде Шахизада Рсалдин, Аманбай Сағындықов, Асайын Рахымжанов, Омар Тыхметов, Қорған Отарбаев, Жомарт Балғынбеков, Мұхамед Далабай, Айнақбай Нұрлыбаев, Айдын Рахымжанов, Арман Ибраймова, Құлтос Әбеуов, Байгелді Әбжанов, Роман Агаповтың есімдерін атап өткенді жөн көрдік.
Осы салада бірнеше жылдан бері халықтың көңілінен шығып, қызметін білікті атқарып жүрген азамат жайлы тілге тиек етпекпіз. Жаңаарқа ауданына қарасты «Қаражал қаласының ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМҚ ветеринарлық пункт меңгерушісі Хамзин Ғабулмұхамед Сүйіндікұлы жайлы және өңірдегі ветеринарияның хал-ахуалы жайлы сөз етуді жөн көрдік.
Ғабулмұхамед Сүйіндікұлы қазыналы өңір Қаражал қаласында 1968 жылы 12 желтоқсанда дүниеге келген. Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келгеннен соң 1992-1994 жыл аралығында Жезқазған облысы Талап совхозында ауыл шаруашылығы техникумын оқып, тәмамдады. Оған дейін әртүрлі салада, яғни, фабрикада экскаваторшы жұмысын жасаған. Тіпті жеке кәсіп ашып, өз лицензиясымен қызмет атқарыпты. Кейін осы ветеринария саласына бет бұрып, бүгінгі таңда 20 жылдан астам еңбек өтілімен жұмыс атқаруда. Қазіргі таңда Қаражал қаласында 4 маманнан құралған кішігірім бөлім болғанымен, жасалып жатқан жұмыс ауқымды. Айта кетсек, мал шарушылығында жиі кездесетін сібір жарасы, құтырма ауруы аусылға, қарасан, туберкулез, бруцеллез және тағы да басқа түрлі ауруларына қарсы ірі қара малына, ұсақ малдарға вакцина салынып, аурудың алдын алады. Сарып ауруын, яғни, бруцеллезді анықтау үшін малдардан қан алынып, Жаңаарқа ветеринарлық зертханасына тексеруге жіберіліп анықталып отырады. Жалпы, менің түсінігім бойынша жақсы мал дәрігерінде жануарларға деген сүйіспеншілік пен жанашырлық сезімі болуы керек. Ветеринар мамандығын таңдағанда ең алдымен осыны ескеру қажет сияқты. Оның ішінде шыдамдылық пен достық қасиеті де аздық етпейді. Өйткені, жануарлар өздеріне деген ұқыптылық пен қамқорлықты бағалайды. Ал ең алдымен жауапкершілік қасиет қажет. Кез келген басқа дәрігер сияқты, ветеринар өз пациенттерінің өміріне жауапты. Айта кетер жайт, Ғабулмұхамед Сүйіндікұлының жары Назгүл Тілегенқызы да бұл салада бірнеше жылдан бері қызмет атқарып, білікті мамандар қатарында екені бәрімізге мәлім. Ол кісі мемлекеттік ветеринарлық инспекциясының бас маманы, мемлекеттік қызметкер. Тіпті, біраз жыл бұрын осы бөлімнің басшылық қызметін де абыройлы атқарған. Қазіргі таңда Ғабулмұхамед Сүйіндікұлы мен Назгүл ханым 5 баланың ата-анасы, 3 немеренің ата-әжесі. Отбасымен таңдаған мамандықтарының білікті де білімді мамандары, сондай-ақ, осы салада беделді жандардың бірі екені айқын.
Оңай мамандық жоқ. Жануар не мазалайтынын айта алмайды, сондықтан, ветеринар симптомдардың жиынтығын мұқият зерделеу арқылы ғана дәл диагнозды жасай алады. Ал ол екінің бірінің қолынан келмейтін мамандық.
Соңғы онжылдықта Қазақстан Республикасының ветеринария қызметi ветеринария және тамақ өнiмдерi саласындағы тиiмдiлiк пен қауiпсiздiктi арттыруға бағытталған елеулi өзгерiстерден өттi. 2011 жылы құрылған ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті осы саладағы қызметті реттейтін және бақылайтын негізгі органға айналды. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің негiзгi мiндеттерi — жануарларды аурулардан қорғау, халықтың денсаулығын сақтау, ветеринариялық-санитариялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қоршаған ортаның ластануын болдырмау. Ветеринариялық препараттар мен жемшөптің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау қызметтің маңызды бағыты болып саналады.
Сондықтан, құрметке әбден лайық ветеринарларды алғашқы кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз. Сіздерге отбасында бақыт, зор денсаулық пен жұмыстарыңызға табыс тілейміз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ