Қойнауы қазынаға бай, жер беті өнегелі жандарға толы Жәйремімізде бар күші мен маңдай терін адал төгіп, саналы өмірін ұрпағының тәрбиесі мен біліміне арнап жүрген жандар аз емес. Солардың бірі «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ озат еңбеккерлерінің бірі, «Жәйрем» кенішінде автосамосвал машинисі, «Кенші даңқы» төсбелгісінің кавалері – Талғар Сатиев.
Омырауы еңбегінің бағасына берілген озаттықтың белгілеріне толы Талғар Әбілдәұлы 1963 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Коммунар совхозында (қазіргі Байқадам ауылы) дүниеге келген. 1970 жылы мектеп табылдырығын аттап, 1978 жылы орта білім аттестатын алып, сол кездегі СПТУ-ға оқуға түсіп, трактор жүргізушісі және слесарь мамандығын алып шығады. 1981-1983 жылдар аралығында Арменияның астанасы Ереванда Отан алдындағы борышын өтеп келеді.
Елге оралған соң совхозда трактор, автокөлік жүргізушісі болып еңбек етіп, 1989 жылы өмірлік жары Жақсыгүлмен қол ұстасып, Жәйрем өңіріне қоныс аударып, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ 4 дәрежелі монтаждаушы болып жұмысқа орналасады. Сол кәсіппен 3 жылдан астам уақыт еңбек етіп, 1992 жылы тау-кен көліктер цехына БелАЗ жүргізушісі болып ауысып, міне, 32 жыл бойы тапжылмастан бір орында еңбек етуде.
— Мен бұл өңірге Жәйрем дүркіреп тұрған кезде келген болатынмын. Менің кіндік қаным тамған Сарысу ауданында сол сексенінші жылдардың аяқ кездерінде қуаңшылық жиі орын алып, аптап ыстық жазда Жамбыл облысының мал шаруашылығы тығырыққа тіреліп, жаз мезгілінде қора-қора қойларын алып, осы өңірге қарай жайылым жасайтын. Бетпақ даламен Түгіскен іргесіндегі Өлке, Талдысай жайлауларына малдарын айдап әкеліп, күздің қара суығына дейін отырып, күн суытқан кезде елге қарай қайта көшетін. Сол қой шаруашылығын басқаратын мекемеде жүргізуші болып еңбек еттім. Ол кездері РАПО деп аталатын (аудандық аграрлық өнеркәсіптік бірлестік) бірлестіктің бастығы, бүгінгі күні марқұм болған Иген Нұрмаханов 15 күн бойы барлық шаруашылықты аралап, шопандармен кездесіп, шаруашылықтың жай-күйін білетін. Мен сол кісіге жүргізуші болып жүріп, осы өңірмен таныстым. Тіршілігі қайнап тұрған ауылға қарай көшіп, өзімді өндірісте сынамақ оймен отбасыммен Жәйремге келдім. Ол кездері үй алмақ түгілі жатақханадан орын алудың өзі өте қиын болатын. №1, 2, 3 жатақхана, отбасылық жатақхана тұрғындарға толып тұратын. Әупірімдеп жүріп жарым Жақсыгүл екеуміз қолымыздағы кішкентай Жанар мен Гүлнарымызбен бірге жатақхананың бесінші қабатынан бір бөлме алдық. Аллаға шүкір, өстік, өндік. Бойында қызуы қайнап, тіршілігі гүлдей жайнап жатқан өңірге келіп, жұмыс істеу арманым болса, арманыма жетіп, сол арманым мені үлкен бақытқа жетеледі. Жәйремге келіп, дүниеге ізбасарларым — Жансерігім, Нұрсұлтаным, Әділжаным келді. Жәйремге келген соң комбинаттың бір шетіне ілігіп, монтаждаушы болып еңбек етіп, артынша сол кездегі тау-кен көліктер цехына БелАЗ жүргізушісі болып орналастым. Қазіргі таңда бұл мамандық автосамосвал машинисі деп аталады. Сол кәсіпке қарай ауысуыма жерлесім Мұхтар Спановтың да көп септігі тиді. Бүгінгі күні марқұм болған Мұқаң менен 3 жыл бұрын БелАЗ-ға отырған болатын. Кейіннен маған қамқоршылық танытып, бауырмалдық білдіріп, көп тәжірибесімен бөліскен азаматтың Абайы мен менің Гүлнар қызым көңіл қосып, жаны жайсаң жанмен кейін құда болдық. Өте жақсы азамат еді, қайран құдам. Қаншама жыл өндірістің отты майданында бірге тер төктік. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Құрамы кенге бай қазбаларды бір бөлек, бос жыныстарды бір бөлек үйінді қоймаға тасымалдайтын жұмыстарда айналамда қарулы, қажырлы, еңбекқор талай азаматтар баршылық. Қазіргі таңда біразы зейнетке шығып кеткенмен, олардан үлгі алып, тәжірибе жинақтаған Жәйрем қойнауының байлығы әлемдік нарықта жарқырай көрініп, ел экономикасына сүбелі үлесін қосуға аянбай тер төгіп жүрген Хайратбек Насырхан, Бейсен Чунчубаев, Джанибек Айткулов, Аманғали Тұрысов, ағайынды Сәбит, Айтжан Даужановтардың есімдерін мақтанышпен айтқым келеді. Өмірлік ұстанымым адал еңбек ету, ешкімнің ала жібін аттамау, айналаны ренжітпеу. Солай жүремін де. Балаларыма қоятын талабым да, беретін тәрбием де сол. Бос уақытымда Алла берген немерелерімді бағамын. Өндіріс жұмысы түсіне білген адамға оңай емес. Оның ішінде тау-кен көліктерін басқару, өндірістік нысандарындағы жолдармен жүру, карьердің тау-тасын бағындыру және алпауыт көлікпен күнделікті жоспарды орындау өте үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап ететін дүние. Өзіме қойылған бар талап пен міндетті тиісінше атқарған еңбегімді бағалаған жұмыс берушім омырауыма үш дүркін төсбелгі тағып, даңқымды асырды. 33 жыл бір орында тапжылмай еңбек етуім де өз кәсібімді жақсы көргендігім болар, — дейді арман қуып, бақытына кенелген еңбекқор аға.
Ия, жалпы көлік басқару үлкен ұқыптылық пен жауаптылықты талап ететінін білсек, 140 тонналық үлкен алпауыт тау-кен көліктерін басқару үлкен өжеттілік. Бір ауысымда карьердің ең төменгі қабатында жүрген автосамосвалдар 16-20 рейс, ортаңғы қабатта жүргендер 18-22 рейс, ең үстіңгі қабатта жүргендер 20-25 рейс жасау керек. Бір ауысымда он екі, он үш самосвал жұмыс істейді. Оларға кен тиейтін үш экскаватор бар. Бір экскаватор төрт БелАЗ-ға қызмет көрсетеді.
Өмірлік жары Жақсыгүл апаймен екі қыз, үш ұл тәрбиелеп отырған Талғар аға өзі сегіз ағайындының екіншісі. Алдындағы Талғат ағасы Алматы қаласында тұрады, қазір зейнетте. Өзінен кейінгі Қарлығаш, Сандуғаш есімді қарындастары да Алматыда. Бауырлары Бекболат пен Жанболат Жанатаста, Дулат пен Мейрамбек туған жерлері Байқадамда.
Ал өзінің тұңғышы Жанар жолдасы Дәуренмен, балаларымен Астана қаласында тұрады, жеке кәсіптері бар. Гүлнары отбасымен Жәйремде, жолдасы Абай «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ «Жәйрем» кенішінде ауысым шебері. Ұлдың үлкені Жансерік те Жәйрем комбинатында электрослесарь болып еңбек етеді. Келіншегі Гүлім үй шаруашылығында. Ортаншы ұлы Нұрсұлтаны ата-анасының қолында. Келіншегі жергілікті «Ажар» балабақшасында еңбек етеді. Сүт кенжесі Әділжан 9 сыныпта оқиды.
Өмірінің өрнектері болған балаларынан он алты немере сүйіп отырған асқар тау әкенің бар тілеуі балаларының амандығы.
– Демалысымда бар ермегім немерелерім. Жұмыс күндері балабақшада, мектепте болатын балапандарыммен сенбі, жексенбімен тұспа-тұс келген демалысымда кездесемін. Балаң балдан тәтті болса, немерең жаннан тәтті болады екен. Аллаға шүкір, жас кезімде арман қуып келген Жәйремімде жаман болғаным жоқ. Көркейіп тұрған кезінде келдім, сонау тоқсаныншы жылдарғы тоқырауды да көрдім. Қазіргі таңда Жәйрем қайтадан бой түзеп, бойына қан жүгіре бастаған, көркейе бастаған. Өзім еңбек ететін «Казцинк» компаниясы да жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына көңіл бөліп, ауылымыздың жарқын болашағына өз қолдаулары мен демеушіліктерін барынша көрсетуде. Жергілікті халықта жұмыс бар, тұрақты түрде алатын жалақылары бар. Алла қаласа, ауылымыз да, жағдайымыз да бұдан да жақсырақ болатынына, елімнің болашағының жарқын болатынына кәміл сенемін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, — деп ақжарма тілегін білдірді.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Жәйрем кен байыту
комбинаты» АҚ
Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.