Ұлытау облысының орталығында Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің күніне орай өткен салтанатты жиында өңірдің мәдениет майталмандары лайықты марапаттарға ие болды. Марапатталған азаматтардың қатарында Қаражал қаласының мемлекеттік архивінде қызмет ететін архивист Замзягүл Сыздыкова да бар. Ол «Үздік архив қорын сақтаушы» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйақымен марапатталды. Бұл – мәдениет пен өнер саласында адал еңбек етіп жүрген жандардың еңбегі еленген ерекше күн болды.
Мерекелік шараны облыс әкімі Дастан Рыспеков ашып, сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. – Ұлттың рухани тірегі – мәдениет. Осы салада қажырлы еңбек етіп жүрген сіздердің еңбектеріңіз қашанда құрметке лайық, – деді өңір басшысы өз құттықтауында.
Замзягүл Төлеуқызы – архив ісіне адал, тәжірибелі де жауапты маман. Оның жылдар бойы атқарып келе жатқан табанды еңбегі, мұрағаттық құндылықтарды сақтап, реттеудегі жауапкершілігі бүгінгі марапат арқылы өзінің жоғары бағасын алды. Бұл – тек Замзягүл Сыздыкованың ғана емес, тұтас Қаражал қаласының мәртебесі.
Салтанатты жиында тағы бір марапат иесі – Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталығының әдіскері Гаухар Нурланова да лайықты құрметке ие болды. Ол Ұлытау облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл марапат – өңір мәдениетін өркендетуге қосқан сүбелі үлестің айғағы.
Қаражал–Жәйрем жұртшылығы атынан Замзягүл Төлеуқызы мен Гаухар Нурланованы шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта да табысты еңбек пен шығармашылық жетістіктер тілейміз!
Досан ДУЛЫҒАЛЫ