Зейнеткерлер мен ардагерлерді жан-жақты қолдау, үлкендерге көңіл бөлу және қамқорлық жасау – мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Кешегі мен бүгіннің арасындағы алтын көпір қарт-қарияларымызды құрметтеу, қолдау, оларға қамқорлық көрсету біздің парызымыз. Сол парызды ұмытпаған «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымы жанынан Ардагерлер кеңесі құрылған.
Аталған кеңестің басты міндеті — комбинаттан шыққан зейнеткерлердің басын біріктіріп, қамқорлық жасап, қуаныштарына ортақтасып, қарт-қариялардың кешегісі мен бүгінін байланыстыра отырып, болашақтың жарқын болуына өз үлестерін қосу. Комбинат Ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Елубайұлы Қойшыбаевпен жолығып, қазыналы қарттардан тұратын кеңестің жұмысымен танысып, мән-жайды білген едік.
– Аманкелді Елубайұлы, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ ардагерлер кеңесі неше зейнеткерден құралған? Кеңестің басты мақсаты не?
– Бүгінгі таңда Ардагерлер кеңесінің мүшелігінде 360 зейнеткер бар. Олардың барлығы «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ өндірісінде еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққандар. Қазіргі таңда зиянды өндірісте еңбек етіп, үкімет бекіткен арнайы заңмен 55 жаста әлеуметтік зейнеткерлікке шыққан еңбеккерлер де біздің құрамда. Ардагерлер кеңесінің арнайы бекітілген ережесі бар. Кеңестің басты мақсаты — өндірісте сан жылдар бойы адал еңбек етіп, бүгінгі таңда зейнетте отырған жандарды бір арнаға тоғыстырып, әлеуметтік жағынан осал зейнеткерлерді анықтау, кейіннен оларға әлеуметтік қолдау және көмек көрсету, зейнеткердің бос уақытын ұйымдастыру, комбинат тарихы туралы мәліметтерді жинақтау, комбинат мұражай-мұрағатын құру, комбинат жұмысшылары әулеттерін насихаттау және жастармен жұмыс жасап, ақыл-кеңестермен бөлісу, сонымен қатар, өздері еңбек еткен өндіріспен ғана емес, өздерінің бір-бірімен жиі араласып, қарым-қатынастарын үзбей, қуаныштарына ортақтасып, көмек қажет кезде мүмкіндігінше қолдау көрсету. Бойларында күш-қуаттары бар кезде маңдай терлерін төгіп, жастық жігерлерін арнаған жұмыс орындары өздерін керексіз етіп қалдырмайтынын сезіндіру, олардың қажырлы еңбектері ешқашан ұмытылмайтынын ұғындыру.
– Мақсаттарыңыз көңілге қонымды екен. Арнайы бекітілген Ардагерлер кеңесінің ережесі бар дедіңіз. Сол ереже бойынша қандай міндеттеріңіз бар? Ардагерлер кеңесі неше адамнан тұрады?
– Ардагерлер кеңесінің құрамы төраға, хатшы және үш кеңесшіден және мүшелерден тұрады. Төрағасы менмін, осы комбинатта 40 жылдан астам уақыт еңбек еттім. Хатшы көп жылдар бойы Геологиялық-физикалық зертханада еңбек еткен, ардагер – Гүлбарам Қуанышбаева. Ардагерлер кеңесіне мүшелікке комбинаттың бұрынғы жұмысшылары, яғни, зейнеткерлік жасқа толуына байланысты комбинаттан жұмыстан шығып, енді жұмыс істемейтіндер, оның ішінде «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ, «Жәйрем Дамуы» КҚ ардагерлері, Жәйрем ауылында тұратын, зейнеткерлік жасқа толмаған, мүгедектігіне байланысты комбинаттан жұмыстан кеткен, зейнеткерлік жасқа дейін басқа жерде жұмыс істемейтін, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ 15 жыл жұмыс істеген, әрі қарай қысқартуға байланысты жұмыстан босатылған және әрі қарай еш жерде жұмыс істемеген зейнеткерлер қабылданса, тәртіптік және қылмыстық жазаға тартылғаны үшін (жұмыс орнында жұмыстан шығу, алкогольдік немесе есірткілік масаңдық туғызатын заттардың болуы немесе пайдалануы, жұмыс орнында ұрлық жасауы, бірнеше рет қызметтік міндеттерін орындамауы және т.б.) жұмыстан босатылған қызметкерлерді Ардагерлер кеңесіне есепке алуға құқығымыз жоқ.
Зейнеткер Жәйрем кентінен басқа жаққа қоныс аударған жағдайда, не болмаса қайтыс болғанда ол Ардагерлер кеңесінен шығарылады.
Біздің жалпы міндет ардагерлерді ұйымдастыру, бір-бірімен жиі кездестіру, қажет болған жағдайда комбинатта болатын тоқсандық кездесулерге қатысып, өз тәжірибелерімізден мысалдар келтіре отырып, қауіпсіз еңбекті насихаттау, еңбек тәртібін және қауіпсіздік техникасын бұзған қызметкерлерге түсіндіру жұмыстары – жеке кездесулер мен әңгімелесулер өткізу, әртүрлі маңызды тақырыптар бойынша комбинат ұжымдарымен түрлі кездесулер (әңгімелер, дөңгелек үстелдер және т.б.) өткізу, ардагерлерді комбинаттағы ағымдағы жағдаймен таныстыру, жақсарту бойынша ұсыныстармен кері байланыс жасау мақсатында әрбір бөлімшеде ашық есік күндерін ұйымдастыру, жалғыз басты, сырқат, мүгедек зейнеткерлермен жұмыс (тіркеу, үйге бару, түрлі көмек көрсету), мемлекеттік бюджеттен Жәйрем ауылын дамытуға арналған оңтайлы шығындарды талқылауға қатысу, Меморандумға сәйкес Жәйрем кентінің әлеуметтік даму бағдарламасымен және «Казцинк» ЖШС және «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ әлеуметтік бағдарламаларымен ардагерлерді таныстыру, Жәйрем кентінің жалпы білім беретін мектептерінде Еңбек күніне орай кәсіптік бағдар беру жұмысын ұйымдастыру (жоғары сынып оқушыларымен кездесу, дөңгелек үстелдер). Өзіміздің арнайы «Ардагерлер кеңесі» деп аталған инстаграм парақшамыз бар.
– Аманкелді Елубайұлы, ардагерлердің бос уақытын ұйымдастыру туралы айтып едіңіз. Соны түсіндіре кетсеңіз.
– Қазіргі күнделікті күйбең тіршілікте қолы бос зейнеткер жоқ. Бәрі де немере, шөбере бағып отыр. Одан қалса, денсаулықтары жарап тұрған зейнеткерлер жеңіл жұмыстарға тұрып алған. Дегенмен, біз тығыз байланыстамыз. Арнайы жұмыс жоспарына сәйкес атаулы күндері жолығысып тұрамыз. Мереке күндері ол кісілерге арналған түрлі мәдени іс-шаралар болып тұрады. Оларға әсіресе, біздің Қарттар күніне арнап ұйымдастыратын скандинавиялық жүріс әдісімен болатын кездесу кешіміз қатты ұнайды. Өмірлерінің барлық қажырлы, қуатты кезеңдерін Жәйрем өндірісіне арнаған ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер скандинавиялық жүрістің адам денсаулығына пайдасын түсіне біледі. Аталған спорттық шарадан кейін ата-әжелеріміз «Қара жорға» және өз замандарындағы «Летка-Энька» билерінен флешмоб билейді. Замандастар, үзеңгілестердің сағыныса көріскен кездесулеріне, әзіл-қалжыңдарына сүйсіне, қызыға қарауға тұрарлық.
Мерейтой иелерін шақырып, құттықтау лебіздерімізді білдіреміз. Мысалы, биылғы жылдың қаңтар, ақпан айында 10 зейнеткерді мерейтойымен құттықтадық. Төсекте жатып қалған ардагерлерімізді үйлеріне барып құттықтаймыз. Жалғыз басты қарттарға «Өндіріс волонтерлері» тобы көп көмектерін көрсетеді.
«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ мен Бастауыш Кәсіподақ ұйымы арасындағы Ұжымдық келісімшарттың Қосымша келісіміне сәйкес ардагерлерге жылына 5 рет (ерлерге 4 рет) мерекелік (Жаңа жыл, 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні, Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз, Металлург күні және Қарттар күні) берілсе, жылына бір рет жеңілдікпен санаторий-курорттарға барады және мерейтойларына (60, 65, 70, 75, 80, 85, 90, 95 жастар) ақшалай сыйлықтар беріледі. Қыс мезгілінде жеңілдікпен көмір беріледі. Барлық қаржылай демеушілікті «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ жасайды.
Қазір қысқы балық аулау сайысына дайындық жүріп жатыр, одан кейін Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамына әзірленеміз. Қармақтары бос қайтпайтын керемет ардагерлеріміздің жеңісі біздің де жеңіс. Бірақ, қарттарымызға ең керегі көтеріңкі көңіл-күй мен бір-бірлерімен сағынысып кездесу. Сонымен қатар, барлық қажетті құжаттарын алдырып, комбинат зейнеткерлерін электрондық базаға енгізіп жатырмыз.
– Аманкелді Елубайұлы, атқарып жүргендеріңіз көңіл қуантарлық жұмыс екен. Қарттарын қадірлеп, қазыналарын ардақтаған «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Кәсіподақ ұйымына, Ардагерлер кеңесіне тек сәттілік тілейміз. Сұхбатыңызға рақмет!
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
«Жәйрем кен байыту
комбинаты» АҚ
Бастауыш Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары.